«Қазпошта» қызметкерлерінің жалақысы 10 пайызға көтерілмек - Мәжіліс
АСТАНА. ҚазАқпарат -«Қазпошта» акционерлік қоғамы өз қызметкерлерінің жалақысын 10 пайызға көтермек.
Бұл туралы бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында мәлім болды. Комитет төрайымы Дариға Назарбаеваның жетекшілігімен өткен жиында «Қазпошта» АҚ бүгінгі жағдайы мен болашағы талқыланды. «Қазпошта» АҚ төрағасы Асхат Бейсенбаевтың айтуынша, былтырғы жылғы компанияның табысы 267 млн. теңгені құраған. «Ағымдағы жылға жоспарымыз бұдан да жоғары. Дегенмен, бұл жоспар күтіліп отырған қосымша шығыстардың ұлғаюына байланысты қайта қаралуы мүмкін. Бұл шығыстар негізінен өндірістік персоналдың айлық жалақысын 2014 жылдың 1 сәуірінен бастап 10 пайызға арттыруға да қатысты болып табылады», - деді Асхат Бейсенбаев.
Жалпы, бүгінгі күні қазақстандық поштада шамамен 22 мың персонал қызмет етеді, еліміз бойынша 3131 бөлімшесі, 14 облыстық филиалы, Астана мен Алматы қалаларында 2 поштампты, 7 мамандандырылған филиалы жұмыс жасайды. Оның ішінде 2185 өндірістік нысаны ауылдық өңірлерде, 676 бірлігі қалаларда, 156-сы аудан орталықтарында орналасқан және 114 жылжымалы бөлімшесі бар.