«Қазпошта» сотқа шақырту қағаздарын жеткізу үшін гибридтік поштаны сынақтан өткізбек

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазпошта» АҚ сотқа шақырту қағаздарын жеткізу үшін гибридтік поштаны сынақтан өткізеді. Бұл туралы бүгін «Самұрық-Қазына» Ұлттық Әл-ауқат Қоры» АҚ Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеевтің қатысуымен «Қазпошта» АҚ директорлар кеңесі, акционерлері және қызметкерлерінің кеңесінде мәлім болды.

«Қазпошта» сотқа шақырту қағаздарын жеткізу үшін гибридтік поштаны сынақтан өткізбек

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусинның айтуынша, ілкі режимде сынақтан өтетін гибридтік пошта Жоғарғы сот пен компанияның электрондық жүйесін интеграциялауды қарастырады. «Ол жүйе бойынша хабарламалардың барлығы электронды түрде өтіп, автоматты түрде басылып, мөрленуі керек. Бұл шара мемлекет қаржысымен қоса, пошта қызметінің қаражатын да үнемдейді. Мемлекет үшін шақыртудың 2-3 күннен аспайтын мерзімде тиісті қолға жетуі маңызды болса, пошта үшін құжаттар пакетін жеткізу барысындағы кедергілерді барынша жою маңызды», - дейді Б.Мусин.

Бұл ретте компания басшысы, поштаға әлеуметтік нысан ретінде қарамау керектігін атап өтеді, өйткені «Қазпоштаның» коммерциялық бағыты да баршылық. «Осыған байланысты, Үкімет «Қазпоштаның» елге зейнетақы жеткізуінде шығын көрмеуі үшін компания бюджетін арттырып қана қоймай, сыйақы бойынша комиссиясын да көтеріп отыр», - деді ол.