Қазпошта жүйесі арқылы элекрондық сауданы дамыту керек - Үкімет басшысы

АЛМАТЫ. Қазанның 8-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстан Үкіметі "Қазпошта" АҚ-ның алдына Қазақстаның әлемдік ақпарат кеңістігіне ықпалдасуы туралы маңызды стратегиялық міндет жүктеп отыр.

 Қазпошта жүйесі арқылы элекрондық сауданы дамыту керек  - Үкімет басшысы

Бұл жайлы Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің бүгін Алматы поштамтының 150 жылдық мерейтойында пошта қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтаған хатында айтылды.

Оны "Қазпошта" АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Салауат Қалымғазыұлы Шерияздан оқып берді. Бұл хатта Премьер-Министр Қазпошта жүйесі арқылы электрондық сауданы дамытудың қажеттігін ерекше атап өтеді.

"Бұл үшін әрбір пошта байланысы бөлімшесі желісінің ғаламторға қолжетімділігін қамтамасыз ету керек. Қазпошта - бұл бірегей желілік құрал. Біздің ол арқылы әрбір азаматқа қол жеткізуге мүмкіндігіміз бар. Сол себепті республика тұрғындары мемлекеттік басқарушы ұйымдарымен көбінесе осы ұйым арқылы әрекет жасайды. Сондықтан сервис деңгейін одан ары жақсартып, ұсынылатын қызмет көлемін ұлғайту қажет. Бұл өз кезегінде пошталық жинақтау жүйесін дамытып, "Қазпошта" АҚ-ның бірегей логистикалық оператор ретіндегі ұстанымын нығайтуды қамтамасыз етеді", дейді Кәрім Қажымұханұлы бұл хатында.