Қазір белсенді түрде бәс тігіп жүрген 350 мың адам бар - Ғалымжан Мұстафаев

АСТАНА. KAZINFORM – Қазір букмекерлер мен казиноларда 350 мың белсенді аккаунт бар. Бұл туралы Kazinform-ның YouTube арнасындағы Bızdıñ orta подкастында  Туризм және спорт министрлігі Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті төрағасының орынбасары міндетін атқарушы Ғалымжан Мұстафаев мәлім етті.

лудомания
Фото: Pexels

 - Тіркелген букмекерлік кеңселер болса, оларға қатысты мемлекет тарапынан зерттеу іске асырылады. Ал тіркелмеген әрі лицензиясы жоқ букмекерлерде неше адам ақша салғанын, бәс тігу сомасын анықтау қиын, - деді Ғ. Мұстафаев.

Букмекерлік кеңселердің мүддесін қорғайтын арнайы қауымдастық бар. Олармен бекітілген тиісті меморандум аясында министрлік өкілдері былтыр ақпарат сұратқан.

- Бүгінде букмекерлік кеңселерде 2 млн-ға жуық аккаунт бар. Оның ішінде 300 мыңы белсенді аккаунт саналады. Сондай-ақ казиноларда да 450 мыңға тарта тіркелген аккаунт болса, қазір соның 50 мыңы белсенді, - деді ведомство өкілі.

Айта кетейік, Қазақстанда өзін құмар ойындардан шектегендер 170 мыңнан асты. Дегенмен, бұл адамдар арасында өзін шектегенімен, кейіннен жақын туыстары атынан аккаунт ашып алғандар анықталып жатыр.

Еске салсақ, Шілде айында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды.

Заң арқылы халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеуші және ынталандырушы нормалар енгізіледі. 

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бүгін қабылданған ойын бизнесі мәселелері туралы жаңа заңға қатысты пікірін білдірді.

Құмар ойындарға тәуелді адамдарды медициналық оңалтудың тәртібі белгіленді. Мұндай адамдарды, құпиялылықты сақтай отырып, ақыл-кеңес беру арқылы бақылауға алу тәсілі енгізілді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, лудоманияға шалдыққандардың тек 8,3%-ы құмар ойындарға тәуелділігін мойындайды екен.

Осы жылы даурыз айында Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев елімізде 400 мыңдай адам букмекерлер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналғанын айтты. 

 

Соңғы жаңалықтар