Қазір елде 112 жаңа препарат тіркеліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа дәрілердің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар толық көлемде орындалуы тиіс. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті.
— Жаңадан шығып жатқан дәрілік заттардың қолжетімді болуы — айрықша мән беретін мәселе. Өнім әлемнің дамыған елдерінде сертификатталған жағдайда, оны мемлекеттің бастамасымен жедел тіркеу мүмкіндігі заңнамалық тұрғыдан қарастырылған. Қазіргі уақытта осындай 112 жаңа препаратты тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі мен «СҚ-Фармация» компаниясы емделушілердің қажеттіліктерін ескере отырып әрі дәрілік заттардың басымдығын айқындап, аталған тетікті жедел іске асыруы қажет. Бұл ретте жаңа дәрілердің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар толық көлемде сақталуға тиіс, — деді Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанды фармацевтикалық жүйесі жетілген ел ретінде жоғары деңгейге шығаруға мүмкіндік беретін зертханалық кешен құру мәселесін жеделдетуі қажет.
— Медициналық бұйымдарды сатып алу тәсілдерін де жетілдіру керек. Биыл бірыңғай дистрибьютор 38 млрд теңгеден астам сомаға әртүрлі медициналық заттарды сатып алған. Бюджет шығындарын азайту үшін бағалар мен сипаттамаларды және құрамдас бөліктерді мұқият салыстыру қажет. Бірақ қаражатты үнемдеуге емдеу сапасын бұлжытпай сақтай отырып қол жеткізу керек. Жалпы, қабылданып жатқан барлық шаралар дәрі тапшылығын мүлдем жойып, медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға тиіс. Ол үшін отандық фармацевтикалық өндірісті дамыту және сатып алу жүйесін жетілдіру мәселелеріне кешенді түрде қарау қажет, — деді Үкімет басшысы.
Бұған дейін хабарланғандай, Премьер-министр халықты тегін дәрімен қамтамасыз ету жүйесіне қатысты тапсырма берді.