Қазір хат жазып, кейін жібере аласыз: WhatsApp-та жаңа функция пайда болады
АСТАНА. KAZINFORM – WhatsApp мессенджері хабарламаларды жоспарлау мүмкіндігін енгізіп жатыр. Бұл туралы компанияның ресми блогында жарияланды.
Жаңа функция пайдаланушыларға хабарламаны алдын ала жазуға және оның нақты жіберу уақытын таңдауға мүмкіндік береді.
Хабарландыруда айтылғандай, жіберуді 10 минуттан 14 күнге дейінгі мерзімге жоспарлауға болады. Бұл мүмкіндік жеке және топтық чаттарда қолжетімді болады. Ол үшін хабарлама жазып, жіберу түймесін басып тұрып, жеткізу күні мен уақытын таңдау керек.
Алушы хабарламаны бұрыннан таныс форматта көреді. Барлық жоспарланған хабарламаны бөлек бөлімде көруге және қажет болған жағдайда жеткізу алдында жоюға болады.
Сондай-ақ әзірлеушілер бұл функция жіберушінің телефоны өшірілген немесе қуаты таусылған жағдайда да жұмыс істейтінін түсіндірді.
Жеке хат-хабарларды бөгде адамдардың оқуынан қорғау үшін хабарламалар шифрланады.
Мәтіндік хабарламаларды, фотосуреттер мен видеоларды белгілі бір уақытқа жоспарлап жіберуге болады. Ал дыбыстық хабарламалар үшін бұл мүмкіндік әзірге қарастырылмаған. Жаңа функция алдағы апталарда бүкіл әлемдегі пайдаланушыларға қолжетімді болады.
Айта кетейік, WhatsApp мессенджерінде өз телефон нөміріне аккаунт ашып, оны басқа адамға ақылы түрде беруді ұсынатындар алаяқтық схеманың бір бөлігі болуы мүмкін. Қазақстан Ішкі істер министрлігі осындай жолмен табыс табудың қауіпті екенін және оның соңы қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін ескертті.