Қазір стриминг арқылы сауда жасау сұранысқа ие – министр

АСТАНА. KAZINFORM – Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев елімізде электронды сауданың қарқынды дамып келе жатқанын айтты.

Қазір стриминг арқылы сауда жасау сұранысқа ие – министр
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

- Электрондық сауда – әлемдік экономиканың ең қарқынды дамып келе жатқан сегменттерінің бірі. Бүгінде әлем халқының 30 пайызы интернет арқылы онлайн сауда жасайды. 2024 жылы жаһандық электрондық коммерция нарығының жалпы көлемі шамамен 6,3 триллион АҚШ долларын құрап, оның ішінде электрондық сауданың үлесі 20% пайыз болды. Алдағы жылдары электрондық коммерцияның көлемі 8,3 триллионға дейін өседі деп болжанып отыр, - деді Арман Шаққалиев Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, қазір сауда құрылымы қарқынды өзгеріп жатыр.

- Қазір электронды саудада жасанды интеллект технологияларын енгізу, дербестендіру, әлеуметтік желілер арқылы сауданың өсуі, стримингтер (тікелей эфир) арқылы сауда жасау сұранысқа ие. Сонымен қатар, компаниялардың әлеуметтік жауапкершілігі артып, экологиялық таза өнімдерге сұраныс артып жатыр, - дейді ол.

Еске сала кетейік, соңғы екі жылда электронды саудадағы шағымдар 290%-ға өскен. Қазір Мәжіліс жаңа заң редакциясын қарап жатыр. 

Соңғы жаңалықтар