Қазір түркі жұртының көші ілгері - Ерлан Қошанов

АСТАНА. KAZINFORM – Астанадағы Түркі мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясының пленарлық отырысында Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов тарихтың талай тосқауылы түркі бірлігін ыдырата алмағанын айтты.

Мәжіліс
Фото: ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметі

- Өздеріңіз білесіздер түбі бір түркі дүниесінің тамыры тереңде жатыр. Елдеріміздің тарихы мен рухани бастауы, мәдениеті мен тілі, тағдыры ортақ. Жаңа ғана Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бізбен арнайы кездесіп, осы туыстық-достық қарым-қатынасты ерекше атап өтті. Небір қилы замандарды бастан кешсек те, арамыз ажыраған жоқ. Кейінгі кезеңде бауырлас елдеріміздің ынтымағы бұрынғыдан да бекемдене түсуде. Бұл біздің халықтарымыздың арман-аңсарына, мақсат-мұратына толық сай келеді, - деді Мәжіліс спикері.

Сондай-ақ, ол байырғы бабалардан басталған тарихи сабақтастық бүгінде «түркі елдерінің интеграциясы» деген ұранмен жалғасын тауып жатқанын атап өтті.

- Қазір түркі жұртының көші ілгері. Өзара татулық пен түсіністіктің арқасында елдеріміз өркендеп келеді. Бұл – ең әуелі біздің мемлекеттеріміздің басшылары жүргізіп отырған байыпты саясаттың нәтижесі. Президенттеріміз түркі интеграциясы бағытында орасан жұмыс атқарып жатыр.

Әлемдегі геосаяси ахуал мың құбылып тұрғанына қарамастан, түркі елдері өсу мен өрлеудің құбыласынан, дамудың даңғыл жолынан жаңылған жоқ. Осы қалпымыздан таймасақ, әлі талай жетістікке жетеріміз анық, - деді Ерлан Қошанов.

Бұған дейін Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан және Солтүстік Кипр Түрік Республикасы парламенттерінің спикерлері Ұлттық ғарыш орталығына барып, ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің жұмысымен танысқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар