Қазіргі бессайыс: Георгий Борода-Дудочкин алғашқы кезеңде 175 ұпай жинады
ПАРИЖ. KAZINFORM – Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында қазіргі бессайыстан бәсекелер өтіп жатыр.
Бұл сында ел намысын қорғап жатқан ұлттық құрама спортшысы Георгий Борода-Дудочкин алғашқы кезеңде семсерлесуде 10 рет жеңіске жетіп (25 рет жеңіліп), 175 ұпай жинады. Қазір ол 35-орында тұр.
Енді, ертең қазақстандық спортшы жартылай финалды А тобында көш басындағы мысырлық қарсыласымен бірге бастайды. Сондай-ақ спортшылар ертең 200 метрге еркін әдіспен жүзуде кім мықтыны анықтайды.
Үшінші жарыс – конкур. Шешуші жарыста атлеттер жүгіру кезінде лазерлі тапаншамен нысана көздемек.
Айта кетейік, қазір әйелдер арасында Елена Потапенко семсерлесуден классификацияны бастады. Спорттың бұл түрінде барлығы 72 спортшы (36 еркек, 36 әйел) жүлдеге таласып жатыр.
Айта кетейік, Георгий Борода-Дудочкин 2023 жылы Ханчжоуда өткен ХІХ жазғы Азия ойындарында Париж Олимпиадасының жолдамасын иеленген еді.