Қазіргі социологтарды қоғамдағы қандай мәселелер мазалайды
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда «Қазіргі әлемдегі бірегейлік мәселелері: әлеуметтанулық өлшем» тақырыбында түркітілдес елдер әлеуметтанушыларының қатысуымен Қазақстан әлеуметтанушыларының кезекті VIII Конгресі өтіп жатыр.
Іс-шара Қазақстан әлеуметтанушылар қауымдастығының бастамасымен ұйымдастырылды. Конгрес барысында Қазақстан, Түркия, Ресей, Өзбекстан және өзге де мемлекеттерден келген жетекші ғалымдар мен сарапшыларды әлеуметтік ғылымдардың әртүрлі салалары арасында деректермен, әдістермен және теориялармен алмасады.
- Біздің форумның негізгі тақырыбы - әлеуметтік ұқсастық, яки әлеуметтік бірегейлік. Меніңше, әлеуметтік ұқсастық сөзін қолданған дұрыс. Себебі ағылшын тілінің “social identity” сөзінен аударылады. Бұл тақырыпты біраз ойланып таңдадық. Себебі қазіргі кезде әлеуметтік ұқсастық қоғамды біріктіруші факторға айналып тұр. Сондай-ақ әлеуметтік ұқсастық бүгінгі және ертеңгі саясатпен тығыз байланысты. Сондықтан бұл тақырып өте маңызды және өзекті, - деді Қазақстан әлеуметтанушылар қауымдастығының президенті Марат Тәжин.
Ал Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директор орынбасары, әлеуметтану ғылымдарының докторы Айгүл Сәдуақасова әлем әлеуметтанушыларының алдында тұрған басты сұраққа тоқталды. Оның айтуынша, цифрлық құралдардың дамуымен адамдар өз сәйкестігін әртүрлі орталардан іздей бастаған.
- Әр адамның белгілі бір ортамен байланысы болады. Бірақ цифрлық әлем өскен сайын адам өзінің сәйкестігін қайдан іздейді, не нәрсеге сүйенеді, қай топтан құндылық алады деген сұрақ барша әлемнің әлеуметтанушыларының алдында тұр. Біз үйренген отбасылық, этностық, кәсібилік сәйкестік бар. Алайда қазіргі уақытта бұл өте құбылмалы байланыс, - деді ол.
Айта кеткен жөн, Қазақстан әлеуметтанушылар қауымдастығы – 2002 жылы социогуманитарлық бағыттағы ғалымдардың күшін біріктіру мақсатында құрылған қоғамдық кәсіби берлестік. 2003 жылдан бастап ҚӘҚ Халықаралық әлеуметтанулық қауымдастықтың тұрақты мүшесі.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған «Қазақстан-Ауғанстан» бизнес-форумы өткенін жазғанбыз.