Қазіргі жастар неге бір жұмыста ұзақ тұрақтамайды — психолог пікірі
АСТАНА. KAZINFORM — Қазіргі жастар үшін жұмыс бұрынғыдай тек тұрақты айлық алатын орын емес. Олар өзіне қызық орта, еркіндік және даму мүмкіндігін іздейді. Сондықтан жастарды жұмыста ұстап қалу үшін жұмыс жүйесі мен басқару тәсілі де өзгеруі керек. Бұл туралы отбасы психологі Ержан Мырзабаев BIZDIÑ ORTA подкастында айтты.
Маманның айтуынша, қазіргі жастар бір жұмыста ұзақ уақыт жұмыс істеуді қалыпты нәрсе деп қабылдамайды.
— Көп жастар жұмысқа ең алдымен тәжірибе жинау үшін келеді. Біраз уақыттан кейін өз кәсібін ашуға немесе басқа бағытқа ауысуға тырысады. Бір жағынан бұл олардың еркін ойлайтынын көрсетеді. Бірақ екінші жағынан мұның тәуекелі де бар. Егер жастар бір жерде тұрақтамаса, бұл болашақта кадр тапшылығына әсер етуі мүмкін, — деді психолог.
Оның сөзінше, қоғам үшін тұрақты жұмыс істейтін мамандар аса маңызды.
— Бізге тұрақты жұмыс істейтін дәрігерлер, мұғалімдер, полиция қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер қажет. Сондықтан жастарды жұмыста ұстап қалу мәселесі қазір өте өзекті болып отыр, — дейді маман.
Психолог қазіргі жастар үшін жұмыстағы атмосфера мен қарым-қатынастың маңызды екенін атап өтті.
— Қазіргі жастар тек айлық үшін жұмыс істегісі келмейді. Олар өз еңбегінің бағаланғанын, пікірінің ескерілгенін қалайды. Егер жұмыс ұнамаса немесе үнемі қысым сезінсе, еш қиналмай кетіп қалады. Себебі олар психологиялық жайлылыққа көбірек мән береді, — деді Ержан Мырзабаев.
Сарапшының пікірінше, қазіргі еңбек нарығында басшы мен қызметкер арасындағы қарым-қатынас та өзгеруі керек.
— Бұрын «басшы не айтса, сол болады» деген түсінік болды. Ал қазір жастарға тек талап қоятын емес, қолдау көрсететін басшы қажет. Олар өз еңбегінің бағаланғанын сезінгісі келеді. Сонда ғана жұмысқа деген қызығушылығы сақталады, — дейді ол.
Оның айтуынша, мемлекет үшін жас әрі білімді мамандар аса маңызды.
— Мемлекет әрдайым жас ұрпаққа мұқтаж. Себебі елдің болашағы білімді жастарға байланысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та жастарды тәуелсіз елдің тірегі деп жиі айтады. Сондықтан жастарға қолайлы орта қалыптастырып, оларды қызықтыра білу қажет, — деп түйіндеді Ержан Мырзабаев.
Айта кетейік, бұған дейін психолог зумерлердің мазасыздығы туралы айтқан еді.