Kazsat-2 байланыс спутнигі орбитада 4 мыңыншы айналымын жасады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның Кazsat-2 байланыс және хабар тарату спутнигі орбитада 4 мың тәуліктен астам уақыт жұмыс істеп келеді. Мұндай статистиканы «Ақкөл» ғарыш байланыс орталығының (ҒБО) инженерлері айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Kazsat-2 байланыс спутнигі орбитада 4 мыңыншы айналымын жасады

«Ғарыш құрылғысы штаттық режимде жұмыс істеп жатыр, борт жүйесінде ешқандай ақау жоқ», - деді басшылық спутниктің жағдайы туралы.

«Спутникті басқару оңай болып көрінгенімен, мұнда үлкен ұжым жұмыс істейді: баллистика мамандары, борт жүйесінің талдаушылары мен ғарыш құрылғысын басқару мамандары. Олардың көбісі ұжымда спутник алғаш ұшырылған күннен бастап еңбек етуде. Біз үшін 4000 айналым немесе Kazsat-2 спутнигінің ұшқанына 4000 тәулік толуы – маңызды оқиға», - деді «Ақкөл» ҒБО Ұшуды басқару орталығының басшысы Бекболот Азаев.

Kazsat-2 ғарыш аппараты ұшу кезінде 61,23 кг отын (ксенон) жұмсады. Қалғаны - 78,77 кг. Есептелген мәліметтер бойынша, отын 2027 жылға дейін жетеді.

2021 жылы жүргізілген техникалық аудит негізінде Kazsat-2 спутнигін пайдаланудың есептік мерзімі 2023 жылдан бастап 2026 жылдың соңына дейін ұзартылды.

KazSat-2 ғарыш аппараты 2011 жылғы 16 шілдеде Байқоңыр ғарыш айлағынан геостационарлық орбитаға (ГСО) ұшырылды. Бұл спутник телерадио хабарларын тарату, телефония, интернет желісіне қолжетімділік, деректерді беру қызметтерін ұсынады. KazSat-2 Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына, Орталық Азия елдеріне, Ресейдің орталық бөлігіне қызмет көрсетеді.