«ҚазСат-2» ел игілігі үшін 12 жыл қызмет етпек»- республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 20 шілде. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі 20 шілде, сәрсенбі күні республикалық басылымдарда шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«ҚазСат-2» ел игілігі үшін 12 жыл қызмет етпек»- республикалық басылымдарға шолу

***

«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Бельгия, Ұлыбритания және Германияға үш күндік жұмыс сапарын 18 шілдеде Бельгия астанасы Брюссельде шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнайы брифинг өткізуден бастады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Орнықты саясаттың нақты көрінісі» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Е.Қазыханов елі­міздің жеткен жетістіктерін айта келіп, халықаралық аренадағы бір­қатар жағдайлар барысына да тоқталды. Әсіресе, Кеден одағы­на қатысты министр оның Қазақ­станға ғана емес, сондай-ақ осы өңірлерде жұмыс істегісі келетін еуропалық компаниялар үшін де тиімді болатынын атап өтті.

Осы күндері Қытайдың Шанхай қаласында су спорты түрлерінен әлем чемпионаты өтуде. Байрақты бәсекеге әлемнің көп­те­ген елдерімен қатар Қазақстан командасы да қатысуда. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Жүлделі орындар жеткізбей тұр» деген тақырыппен мақала жарияланды. Әзірше бұл бәсекеде Қазақстан спорт­шылары көңіл көншітерлік нәтиже көр­сете алмай келеді. Синхронды жүзуден өткен жұптық сында Анна Кулкина мен Әйгерім Жексембиева 17-ші орынды иеленді. Ал жекелей сында (соло) өнер көрсеткен Анна Кулкина 13-ші орын алып, финалдық ке­зең­ге шыға алмады. Су спортынан биыл 14-ші рет жа­лауын көтерген жарыс 31 шілдеге дейін жал­ғасады. Осы уақыт ішінде спорт­тың 5 түрі бойынша 66 медаль жиынтығы сарапқа са­лынады. Суға секіру, жүзу, ватерпол, ашық суда жа­рыс, және синхронды жүзу­ден сындар өтеді.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, өткен сенбіде ғарыш тұңғиығына жол тартқан қазақстандық жер серігі қалыпты жұмыс істеп тұр. Ресей ғарыш мекемесінің жетекшілері Қазақстан Үкіметінің басшылығына осыны мәлімдеді. Кеше Премьер-министр Кәрім Мәсімов РФ Федералдық ғарыш агенттігінің басшысы Владимир Поповкинді оның қазақстандық әріптесі - Талғат Мұсабаевпен бірге қабылдады. «Роскосмос» басшысы В.Поповкиннің сендіруінше, ғарышта «ҚазСат-2» ендігі штаттық режимде жұмыс істеуде, оның барлық жүйелері қазіргі кезеңіне сәйкес қызмет етуде. Бұл жайында тереңірек «ҚазСат-2» ел игілігі үшін 12 жыл қызмет етпек» деген мақаладан біле аласыздар.

«Небәрі тура екі апта қалды... Неге дейсіз ғой, егер Америка мемлекеттік қарыз лимитін өсірмесе, 2 тамыз күні амалсыз дефольт болғанын жарияламақ. Әрине техникалық дефольт», - деп жазады «Айқын» газеті «Әлем неге алаңдаулы?» деген мақаласында. Жарияланымда жоғарыдағы жайтқа байланысты бірқатар болжамдар да берілген. Олардың болжамынша алдағы уақытта жағдай былай өрістемек: біріншіден, құнды қағаздар рыногы құлайды, мұнай, металл және өзге де шикізаттың бағасы күрт төмендейді. Екіншіден, доллар құнсызданады. Үшіншіден, несие жүйесі күйрейді. Мұның жанында 2008 жылғы ипотекалық дағдарыс баланың ойыншығы болып қалмақ. Болжамдардың келесі бір парасын және қазақстандық қаржыгерлердің пайымын білгіңіз келсе, басылымның бүгінгі нөміріне көз жүгіртіңіз.

***

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында ҚР Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаевпен арадағы сұхбат «2016 жылдан бастап Еуро-5 стандартына сай жоғары октанды бензин өндіру жоспарда бар» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол Қашағандағы «қара алтынды» өндіру мерзіміне байланысты сұраққа: «Қазіргі уақытта Қашағандағы мердігер коммерциялық өндіруді белгіленген мерзімде бастау үшін бар мүмкіндігін жұмылдырып жатыр. Әзірге жұмыс кестесінен айтарлықтай ауытқу ықтималдығы жоқ», - депті. Сұхбаттың толық нұсқасын газеттің бүгінгі нөмірінен оқи аласыздар.

Қазақстан жанар-жағармай бойынша ішкі сұранысты 2015 жылдан бастап қана толықтай қанағаттандыра алады. Бұл туралы таяудағы он-лайн сұхбатында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мәлімдеген еді. Сол сұхбатында Премьер-Министр осы мәселеге қатысты пікірінде біздің нарығымызда жанар-жағармай тасымалдаушылар арасындағы бәсекелестікте әділетсіздің орын алып жатқанын мойындап, аталған мәмеле шешіміне атсалысатындығын айтты. Ал «әділетсіз бәсекелестік» дегеніміз не? Ол қандай жағдайда туындайды? Бұл жайында егжей-тегжейлі білгіңіз келсе «Алаш айнасы» газетіндегі «Бензин бағасын қымбаттататын бес себеп» деген мақалаға назар салыңыз.

***

«Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Ресей Феде­рациясы Федералдық ғарыш агенттігінің басшысы Владимир Поповкинмен және Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаевпен кездесті», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Кездесу барысында ғарыш саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері, соның ішінде ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру талқыланды, сондай-ақ Байқоңыр ғарыш айлағын бірлесіп пайдалану болашағы қаралды.