«KazSat-2» жер серігін сақтандыратын компания аппарат Қазақстанға берілгеннен кейін белгілі болады

Агенттік төрағасының сөзіне қарағанда, «KazSat-2» жер серігіне қатысты ғарышқа ұшыру сынақтары белгіленген жоспарға сай өтіп жатыр. «Ал аталмыш аппаратты сақтандыру шарасына келетін болсақ, оны сақтандыратын компанияның аты-жөні аппарат Қазақстан тарапына берілгеннен кейін белгілі болады. Ал оған дейін жер серігінің қауіпсіздігі мен онымен байланысты оқыс жағдайларға Ресей тарапы жауап береді. Қазақстан аппаратты тек өз иелігіне алған соң ғана оның сақтандыру мәселесін шешеді. Жер серігін елімізге шамамен қазан айының соңында беру жоспарланып отыр»,-деді Т.Мұсабаев.
Сондай-ақ ол сөзінде қазіргі таңда жер серігін сақтандыратын компанияны тендер арқылы анықтау бойынша тиісті шаралар жүргізіліп жатқандығын атап көрсетті. «Біз «KazSat-1» жер серігін іске қосу барысында жіберілген кемшіліктердің барлығын ескердік және бұл кемшіліктер үшін ғарыш агенттігі жауап бермейді. Өйткені ол аппарат Агенттік құрылғанға дейін жасалған болатын. Ал «KazSat-2» аппаратын сақтандыруға қатысты мәселелердің барлығын жан-жақты қарастырдық. Сондықтан ол талапқа сай сақтандырылады»,-деді Агенттік төрағасы.