«KazSat-3» байланыс жерсерігін жасау мен ұшыруға конкурс жарияланды
АСТАНА. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат - «Ғарыштық байланыс және радиоэлектрондық құралдардың электр магниттік үйлесімділігі республикалық орталығы» акционерлік қоғамы «KazSat-3» жерсерігін жасау мен ұшыру бойынша конкурс жариялады.
ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына сәйкес ҚР Ұлттық ғарыш агенттігіне (Қазғарыш) ведомстволық бағынысты «Ғарыштық байланыс және радиоэлектрондық құралдардың электр магниттік үйлесімділігі республикалық орталығы» АҚ шетелдік ғарыштық аппараттар жасаушыларды «KazSat-3» байланыс және хабар тарату ұлттық геостационарлық жерсерігін жасау мен ұшыру бойынша ашық конкурсқа қатысуға шақырады», делінген ведомствоның хабарламасында.
Конкурсқа қатысуға техникалық өтініштер 2010 жылғы маусымның 15-іне дейін қабылданады.
Конкурсты өткізу шарттары, қатысушыларды тіркеу тәртібі, сатып алынатын қызметтер үшін талап етілетін техникалық, сапалық, пайдалану сипаттамалары, олардың көлемі, мерзімдері және көптеген басқа талаптар туралы компанияның сайтынан білуге болады - www.rcsc.kz .
Естеріңізге сала кетейік, «Ғарыштық байланыс және радиоэлектрондық құралдардың электр магниттік үйлесімділігі республикалық орталығы» акционерлік қоғамы мен М.Хруничев атындағы Ресей мемлекеттік ғарыштық ғылыми-өндірістік орталығының арасында 2006 жылы қол қойылған келісімшартқа сәйкес қазіргі таңда қазақстандық екінші «KazSat-2» байланыс жерсерігін жасау және ұшыру жөніндегі жұмыстар жүргізіліп жатыр. «KazSat-2» аппаратын 2010 жылдың желтоқсан айында «Байқоңырдан» ұшыру жоспарланып отыр.