«KazSat-3» ҒА-ны техникалық сипаттамаларға сәйкестігіне сынау аяқталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Келісімшартқа сәйкес, «KazSat-3» спутнигі ұшырылғаннан кейінгі кезеңде ұшу-конструкторлық сынаулар жүргізіледі. Осының аясында ғарыш аппараттарының пайдалы жүктемесін тексеру жұмыстары қамтылады. Пайдалы жүктеменің техникалық параметрлерін тексеру биылғы 18-25 маусым аралығында «Академик М.Ф.Решетнев атындағы ақпараттық спутниктік жүйелер» ААҚ және «ThalesAleniaSpace» компаниясының мамандарымен бірлесіп жүргізілген болатын.
«Өткізілген тест нәтижелері талап етілетін техникалық міндеттерге толық сәйкестігін көрсетті. «KazSat-3» ҒА пайдалы жүктемесін жасаушы - «ThalesAleniaSpace» компаниясы мамандарының пайымдауынша, барлық тексерістер оң нәтижелермен толық көлемде өткізілді»,-делінген Қазғарыштың баспасөз қызметінің мәліметінде. Айта кетейік, 2014 жылғы 28 сәуірде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «KazSat-3» үшінші қазақстандық ұлттық геостационарлық байланыс және хабар тарату спутнигі сәтті ұшырылды. Сәтті ұшырылымның арқасында қазіргі таңда орбитада Қазақстанның екі байланыс спутнигі бар. «KazSat-2» және «KazSat-3» ғарыш аппараттарының ресурстары қазақстандық телевизиялық хабар тарату, бекітілген байланыс, интернет және деректерді тарату нарығының қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған.