«KazSat-3» ғарыш аппараты штаттық пайдалануға 2014 жылы көшеді

АСТАНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстанда Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында ғарыш саласы дамып келеді. Ұлттық ғарыш агенттігі (Қазғарыш) толыққанды ғарыш саласын құру үшін нақты инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда, деп хабарлады pm.kz сайты.

«KazSat-3» ғарыш аппараты штаттық пайдалануға 2014 жылы көшеді

2012 жылдың 6 қаңтарында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ғарыш жүйелерін құру, пайдалануға беру және ғарыш қызметі саласындағы қатынастарды мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру үшін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғарыш қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

2011 жылдың 16 шілдесінде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «KazSat-2» байланыс және тарату  ұлттық геостационар серігі ойдағыдай ұшырылды, серік жазғы-құрастырымдық және сынақ сындарынан өтіп, 2011 жылдың 25 қарашасында ғарыш аппараты штаттық пайдалануға өткен болатын.

«Біз осы жұмысты және ғарыш бағдарламаларын жүзеге асыруды жалғастыра береміз. Біздің серігіміз бәсекеге қабілетті болуы керек», - деген бұдан бұрынырақ Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов.

Сонымен қатар, «KazSat-3» ғарыш аппаратының сызбалық жобасы әзірленіп жатыр, серік штаттық пайдалануға 2014 жылы көшеді деп жоспарлануда.

Айта кетсек, 2012 жылдың бірінші жартыжылдығында ғарыш аппараттары мен байланыс мониторинг жүйесін басқарудың резервтік жер үсті кешені пайдалануға беріледі. Дәл қазір уақытта құрылғы монтаждалу үстінде. 2013-2014 жылдары Жерді қашықтықтан байқап көретін ғарыш жүйесін, ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін іске қосу көзделген. Сондай-ақ, ресейлік тараптың қатысуымен «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш ракеталық кешеннің құрылысы жоспарлануда.

2011 жылдың желтоқсан айында Қазақстанның жоғары дәлдіктегі серіктік навигациясы жүйесінің жер үсті инфрақұрылымын құру жөніндегі жобалар аясында дифференциал стансаларды  ұялы және аймақтық қабылдау сынағы өткізілді. Алдағы уақытта Ақмола мен Алматы облыстарында 10 дифференциал стансаларды пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар, Қазақстан «Днепр» зымырантасымалдағышын ғарыштық пайдалану жобасына қатысуда.

Қазақстанда жаңа ғарыш жобаларын жүзеге асыру әртүрлі қызметтердегі сұранысты, атап айтқанда, байланыс қызметтері, Жерді қашықтықтан бақылау және   аса дәл   жерсерік навигациясын  құру қызметтеріндегі сұранысты қанағаттандырып, ғарыш саласын экономиканың ғылымды қажет ететін және жоғары технологиялық саласы ретінде бәсекеге қабілетті ету мақсатын көздейді.