Қазселденқорғау мекемесі Ақсай бөгетіне қатысты түсінік берді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — «Қазселденқорғау» мекемесі Ақсай бөгетіне қатысты түсініктеме берді.

Алматы
Фото: Қазселденқорғау

Мекеме басшысы Арман Ахметовтың айтуынша, Ақсай өзені Алматы қаласындағы сел қаупі бар өзендердің біріне жатады. Оның жоғарғы ағысында 25 мұздық пен 20 морено-мұздық көлі орналасқан.

Ақсай
Фото: Қазселденқорғау

«Ақсай селді ұстау бөгетінің құрылысы маңызды. Оның мақсаты сел аймағында орналасқан халықтың өмірі мен шаруашылық нысандарын қорғау. Сел қаупі аймағында 30 мыңнан астам адам бар. Қазіргі уақытта мердігер өз міндеттемелерін орындамағандықтан нысанның құрылысы тоқтатылып, тиісті келісімшарт бұзылды», — деді ол.

Оның айтуынша, қазір мореналық көлдер қысқы режимде, бөгеттің жарылу қаупі жоқ.

Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі Алматыны селден қорғау үшін Ақсай өзенінің бассейніне бөгет салуға міндеттелген мердігер компания мемлекетке 775 млн теңге залал келтіргенін хабарлаған болатын. 

Кейін Төтенше жағдайлар министрлігі «Ақсай» бассейніндегі селді ұстайтын бөгетті салған мердігерге қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.