«Қазселденқорғау» мекемесі Алматыдағы лай көшкінінің басты себебін атады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекеме мамандары Алматыдағы көшкіннің басты себебін анықтады.

«8 ақпан түнгі сағат 02:20-да тау баурайының орта бөлігіне тартылған суық су құбырының жарылуы салдарынан топырақ ылғалданған. Кейін Алматы қаласы, Медеу ауданындағы Олимпийская көшесінде орналасқан «Тау-Самалы» ықшамауданындағы №3А және №3 жеке тұрғын үйлерді лай көшкіні басып қалды», - деп хабарлады «Қазселденқорғау» ММ баспасөз қызметінен.
Мемлекеттік мекеме мамандарының мәліметінше, түскен жылжыманың көлемі - 3 200 текше метр. Бұл аймақтағы еңістің тіктігі шамамен - 45-50 градус.
Естеріңізге сала кетейік, 8 ақпанда Медеу ауданының «Тау Самалы» шағын ауданындағы Олимпиский көшесі бойында техногендік сипаттағы топырақтың лайлануы салдарынан лай көшкіні болды.
Кейін Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті мен Республикалық жедел-құтқару жасағының күштері үйінді астынан төрт адамның денесін тапты. Олардың барлығы бір отбасының мүшесі - 1984 жылы туған ер адам, 1980 жылы туған әйел және 2007 жылғы егіз жасөспірім ұл балалар.
Төтенше жағдайлар министрлігінің психологтары марқұмдардың туыстары мен көршілеріне жедел психологиялық көмек көрсетіп жатыр.