«Қазселқорғау» Алматы маңындағы көшкін жүру қаупі бар учаскелер мен морена көлдерін зерттеуде (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - 15 желтоқсанда Іле Алатауының батысындағы Ұзын Қарғалы өзені бассейнінен бастап шығыстағы Сол жақ Талғар өзені бассейніне дейін қар көшкіні жүру қаупі бар учаскелер мен морена көлдерінің жағдайын аэровизуалдық зерттеу өткізілді, деп хабарлайды «Қазселқорғау» ММ-нің баспасөз қызметінен.
Ұшу түстен кейін «Қазәуеқұтқару» АҚ-ның Ка-32 тікұшағымен орындалды, ұшу уақыты 3 сағаттан астам уақытты құрап, теңіз деңгейінен 4000 метрге дейінгі биіктікте орындалды.
Ұшу мақсаты - қар көшкіні жүру қауіптілігін бағалау, жоғары таулардағы морена көлдері мен мұздықтардың, сел ошақтарының жағдайын зерттеу.
Аэровизуалдық зерттеуге Алматы қалалық ТЖД, «География институты» ЖШС-нің мамандары қатысты.
22 желтоқсанда Есік өзені бассейнінен бастап Шелек өзенінің бассейніне дейінгі аралықта Іле мен Күнгей Алатау жоталарының қар көшкіні жүруі қаупі бар учаскелері мен морена көлдерінің жағдайын аэровизуалдық зерттеу жоспарланып отыр.