«KAZsport» телеарнасы тамыздың ортасында бірнеше қызықты спорт жарыстарын көрсетеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «KAZsport» телеарнасы тамыздың ортасында бірнеше қызықты спорт жарыстарын тікелей эфирде көрсетеді, деп хабарлады «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының баспасөз хатшысы Рауан Есқали.

«KAZsport» телеарнасы тамыздың ортасында бірнеше қызықты спорт жарыстарын көрсетеді

Футбол жанкүйерлері 2014 жылғы 16 тамыз және 2015 жылғы 14 мамыр аралығында «KAZsport» телеарнасынан ағылшын премьер-лигасының тікелей көрсетілімін тамашалай алады.

Футболдан шет ел чемпионаттарының ішінен ағылшын премьер-лигасы Қазақстандық футбол жанкүйерлерінің арасында үлкен қызығушылық тудырады. Әлемнің ең «бай» футбол лигасына әрқайсысы 38 матчтан өткізетін Англияның 20 клубы қатысады (Манчестер Юнайтед, Ливерпуль, Арсенал, Челси, Манчестер Сити және т.б.).

Ағылшын премьер-лигасы көп жылдар бойы әлем бойынша барлық футбол чемпионаттарының ішінде көрермендердің басым бөлігіне ие. Оны әлемнің 200 мемлекетінде трансляциялайды. Турнир аудиториясы 600 миллион адамды құрайды.

Алғашқы матчтың трансляциясының басталуы 16 тамыз күні Астана уақыты бойынша 17.45. Басқа кездесулердің уақыты туралы қосымша хабарланады.

Бұл ретте, әлемнің басқа түкпірінде қытайдың Нанкин қаласында спорттың 33 түрі бойынша 14 пен 18 жас аралығында жасөспірім спортшылар арасында екінші жазғы олимпиада ойындары басталады. Қазақстанның атынан спорттың 20-дан астам түрінен 51 спортшы бақ сынасады.

Аталған жарыстарды «KAZsport» телеарнасы тікелей эфирден көрсетіп отырады. Ашылу салтанаты 16 тамыз күні Астана уақыты бойынша 18.00-де және жабылу салтанаты 28 тамыз күні сағат 18.00-де. Ойындарды трансляциялау уақыты қосымша хабарланады.

«KAZsport» спорттық телеарнасы Алматы қаласында Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында ерлер арасында өтетін волейбол жарысы бойынша IV Азия чемпионатының трансляциясын бастайды. Аталған турнирге Қазақстан, Жапон, Корея, Үндістан, Қытай, Иран, Австралия, Таиланд қатысып, жарыс қорытындылары бойынша 2015 жылғы әлем лигасына үздік командалар іріктелетін болады. Турнирдің басталуы күнделікті жергілікті сағат 14.00-де. Ашылу салтанаты 18 тамыз күні сағат 18.00-де, марапаттау және жабылу салтанаты 24 тамыз күні 19.30-да.

«KAZsport» телеарнасы 25-31 тамыз аралығында ресейдің Челябинск қаласының «Трактор» аренасынан дзюдо бойынша Әлем чемпионатын трансляциялайды. Жарыс барысында ерлер мен әйелдер арасында 14 салмақ категориясы бойынша әлем чемпионы анықталады, сондай-ақ екі топтық біріншілік өтеді. Чемпионатқа әлемнің 140 мемлекетінің өкілдері қатысады.

29-31 тамыз аралығында Астанада таеквондоның «Әлемдік Гран-при сериясы» (WTF) Олимпиадалық түрі бойынша халықаралық турнир өтеді. Сөйтіп, Астана қаласы турнирді өткізу күндері әлемнің даңқты спортшылары бас қосатын таеквондоның дүниежүзілік орталығына айналады.

«Әлемдік Гран-при сериясы» - ең көп ұпай жинап, әлемдік рейтингке енген спортшылар қатысатын беделді дода. Жарысқа әлемнің 30 мемлекетінен 288 спортшы қатысады. «KAZsport» телеарнасы аталған турнирдің де трансляциясын жүргізетін болады.

«KAZsport» телеарнасы 8-14 қыркүйек аралығында Ташкентте грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша Әлем чемпионатын да назарынан тыс қалдырмайды. Оған 100-ден астам мемлекеттің спортшылары қатысады деп болжануда.