«Қазсушар» каналы жеке меншікке берілгені рас па

АСТАНА. KAZINFORM –  Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» каналының жеке меншікке берілгені туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Қазсушар
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

«Біріншіден, машиналық канал «СК Парасат» ЖШС-нің жеке меншігіне берілмеді және оны мемлекеттік меншікке қайтарды деген ақпарат дұрыс емес.

Екіншіден, «СК Парасат» ЖШС-мен канал арнасының бөлігін және ГНС-1 іргелес аумақтарды саз-батпақ және құм тәрізді шөгінділерден тазарту жөнінде 26.06.2023 жылғы №01 келісімшарт жасалды.

Жасалған шарттың талаптарына қарамастан, «СК Парасат» ЖШС каналға іргелес аумақтардан өз бетінше құм өндіруді және кейіннен сата бастағанын ескере отырып (бұл заңсыз қызмет каналдың экологиясы мен негізгі бөлігінің бұзылуына әкелді), «Қазсушар» РМК 2023 жылғы қазанда осы келісімшартты бұзу рәсімін бастады.

Үшіншіден, «Қазсушар» РМК атынан канал арнасын тазарту келісімшартын бұзу бойынша сот органдарына бірнеше талап-арыз берілді. Мәселен, 2023 жылдың қазан айында Түркістан облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына арыз беріліп, осы кезеңде жергілікті құқық қорғау органдарына өтініш жолданды. Өтініштердің қорытындысы бойынша «СК-Парасат» ЖШС-не қатысты ҚР ҚК 334-бабының 2-бөлігі бойынша (жер қойнауын өз бетінше пайдалану, пайдалы қазбаларды өз бетінше өндіру) қылмыстық іс қозғалды. Бүгінгі таңда іс сотқа дейінгі тергеу сатысында», - делінген хабарламада.

«Қазсушар» РМК арызы бойынша Түркістан облысының Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы «СК Парасат» ЖШС қызметін тексерді және оның қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде ұйғарым берілді.

Одан кейін, «Қазсушар» РМК атынан уәкілетті орган ретінде Су шаруашылығы комитеті 2024 жылғы сәуірде Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап-арыз жолдады. Процеске қатысушылардың өтініші бойынша сот талқылауы барысында Түркістан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының прокуроры үшінші тұлға ретінде тартылды.

Бірінші сатыдағы сот арызды қанағаттандырмады. Бірақ Су шаруашылығы комитетінің, «Қазсушар» РМК, Астана қ. прокуратурасының және Түркістан облысының Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының апелляциялық шағымдары бойынша 25.07.2024 ж. Астана қ. апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімін жойып, талап қанағаттандырылды (яғни, келісімшарт жарамсыз деп танылды).

Төртіншіден, «Қазсушар» РМК 2024 жылғы ақпанда Бас прокуратураға, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке және Қаржы мониторингі агенттігіне «Қазсушар» РМК бұрынғы лауазымды тұлғаларының заңсыз әрекеттері және «СК Парасат» ЖШС заңсыз кәсіпкерлік қызметі фактісі бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін арыз жолдады.