«Қазсушар» РМК қарамағындағы 32 су шаруашылығы нысанында шағын ГЭС салынады

АСТАНА. KAZINFORM — «Қазсушар» РМК-ның су шаруашылығы нысандарында шағын гидроэнергетиканың әлеуетін арттыру жөніндегі Жол картасы аясында шағын ГЭС салу үшін 32 нысан іріктелді.

ГЭС
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Бірінші кезеңде бес нысанда шағын гидроэлектр станцияларын салу жоспарланып отыр. Олар: Қарағанды облысындағы Самарқанд су қоймасы, Ақтөбе облысындағы Қарғалы су қоймасы, Абай облысындағы Қаракөл су қоймасы, сондай-ақ Қостанай облысындағы Қаратомар және Жоғарғы Тобыл су қоймалары.

Су ресурстары және ирригация министрлігі мәліметінше, бұл станциялардың жалпы қуаты шамамен 9 МВт болады. Екінші кезеңде 18 нысанда жалпы қуаты шамамен 25 МВт болатын ГЭС салу көзделген. Үшінші кезеңге әлеуеті бар 9 нысан енгізілді. Оның алтауы Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында жоспарланып отырған жаңа су қоймаларында орналасады.

– Бірінші және екінші кезеңдер бойынша қажетті құжаттар әзірленіп, жобаларды іске асыру мәселелері пысықталып жатыр. Қазіргі уақытта «Қазсушар» РМК балансында Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында, сондай-ақ трансшекаралық Қорғас өзенінде жалпы қуаты шамамен 5 МВт болатын үш шағын ГЭС бар,– деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Айта кетейік, ШҚО-дағы ГЭС каскады стратегиялық маңызы бар құрылыстар тізіміне енді.