«Қазсушар» су беруді цифрландырды: биыл шаруалармен 29 мыңнан астам шарт жасалды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда суармалы су алуға келісімшарт жасасу толықтай электронды форматқа көшті. Жаңа жүйенің арқасында биыл шаруалармен 29 283 келісім жасалып, былтырғы көрсеткіштен 2 570-ке артты. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлім етті.

суару
Фото: ҚР Үкіметі

Биыл суармалы су беру бойынша «Қазсушар» РМК-мен келісімшарт жасасу процесі алғаш рет толықтай цифрлық форматқа көшірілді. Бұл үшін Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы әзірлеген жаңа биллинг жүйесі енгізілді.

— Биллинг жүйесінің іске қосылуы келісімшарт жасасу және құжаттармен жұмыс істеу процесін жеңілдетіп, су пайдаланудың ашықтығын арттырды. Сонымен қатар заңсыз пайдалану тәуекелдерін барынша азайтуға, тұтынушылардың «Қазсушар» РМК алдындағы берешегін қысқартуға және оңтүстік өңірлерде су пайдалану лимиттерінің сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді, — делінген хабарламада.

Нәтижесінде Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен 29 283-тен астам электронды келісім жасалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 570 келісімге артық.

— Қазіргі уақытта биллинг жүйесін одан әрі жетілдіру жұмыстары жоспарланып отыр. Сондай-ақ министрлік бұл құралды каналдар арқылы су беру қызметін көрсететін басқа да ұйымдармен келісімшарт жасасу процесіне енгізуді көздеп отыр, — деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов.

Бұған дейін Қазақстанның 23 мыңнан астам су нысаны цифрлық бақылауға алынғанын жаздық.