«ҚазТАГ» ХАА қызметтері техникалық сипаттамаға сәйкес болмағанын тағы бір куәгер растады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сейітқазы және Әсет Матаевтардың бақылауында болған «ҚазТАГ» ақпараттық агенттігі күн сайын ашық түрде елде жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттық хабарламалар жариялауы тиіс еді. Алайда Матаевтар қол қойылған шарттардың техникалық сипаттамаларын бұзды. Бұл туралы Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің баспа БАҚ басқармасының бұрынғы басшысы Әлия Айғаринаның мәлімдемесінен кейін белгілі болды. Айғарина сотқа келе алмағандықтан, куәгердің мәлімдемесін судья оқыды.

«ҚазТАГ» ХАА қызметтері техникалық сипаттамаға сәйкес болмағанын тағы бір куәгер растады

«Заң бұзушылықтарды ескеріп, бірнеше рет Комитет төрағасының орынбасары Бек Арпабаевқа «ҚазТАГ» ХАА» ЖШС №222 мемлекеттік сатып алулар шартындағы талаптарға сәйкес қызметті сапасыз орындайтынын айтып барғанмын», - деді Әлия Айғарина.

Алайда Бек Арпабаев  «ҚазТАГ» ХАА» ЖШС-дан есепті тапсырған күйі қабылдауды тапсырды.

«Бұл заңбұзушылықтар туралы айтып Комитет төрағасы Болат Берсебаевқа бардым. Ол да мен анықтаған заңбұзушылықтарға қарамастан, «ҚазТАГ» ХАА» ЖШС-дан есепті тапсырған күйі қабылдауды  бұйырды», - деді куәгер.

Әлия Айғаринаның сөзіне қарағанда,  ол Комитет басшылығының тапсырмасын орындауы тиіс еді. Өйткені орындамаған жағдайда оны жұмыстан шығару немесе өзі қызметін босатуы үшін жағдайлар жасауы мүмкін болған.

Осылайша, «ҚазТАГ» ХАА» ЖШС  25.08.2010 ж. мемлекеттік сатып алулар туралы №222  шартты орындамады. Өйткені аталған серіктестік техникалық ерекшеліктегі талаптарды орындамады, атап айтар болсақ, күн сайынғы жаңалықтар саны жоспардағыдан аз болды.

«2010 - 2011 жж «ҚазТАГ» ХАА» ЖШС-дан атқарылған жұмыстар жайлы есеп, ақпараттардың аздығына және оларға қол жеткізу үшін ақша төлеу сынды заңбұзушылықтарға қарамастан,  Болат Берсебаев, Бек Арпабаевтың тапсырмасымен қабылданды», - деген Айғаринаның мәлімдемесін судья оқып жалғастырды. 

Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алулар шарты аясында «ҚазТАГ» ХАА» ЖШС веб-сайтында жарияланған ақпараттық материалдар  ортақ пайдалану режімінен тыс жариялаған, оларды оқу үшін ақылы жазылу керек болған.

«Бұл заңсыз, себебі мемлекеттік ақпараттық саясат қоғамға еркін түрде жеткізілуі тиіс. Бұл қызметті мемлекеттік сатып алулар бойынша бюджет қаржыландырғандықтан, олар тегін болуы керек», - деп түсіндірді Айғарина.

Жапа шеккен тарап өкілінің мәлімдемесін оқып болған соң судья айыпталушылар Сейтқазы және Әсет Матаевтарды жауапқа алуға кірісті. Олар мәлімдеме жасаудан бас тартты.

Осылайша, Матаевтар Ақпарат комитеті қаражатынан 169 млн теңге жымқырған.