«ҚазТрансГаз» АҚ 2010 жылы 94 миллиард куб метрге дейін газ тасымалдамақ

АСТАНА. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат - «ҚазТрансГаз» АҚ 2010 жылы 94 миллиард куб метрге дейін газ тасымалдауды жоспарлап отыр, делінген компания таратқан ақпаратта.

«ҚазТрансГаз» АҚ 2010 жылы 94 миллиард куб метрге дейін газ тасымалдамақ

«2010 жылы «ҚазТрансГаз» АҚ Қазақстанның магистралды газ құбырлары арқылы 94 миллиард куб метрге дейін газ тасымалдауды жоспарлап отыр. Оның ішінде халықаралық тасымал - 71 миллиард, ал экспорт 15 миллиард куб метр газды құрайды. «ҚазТрансгаз» АҚ-ының өз қаржысы есебінен ағымдағы жылғы капиталды салым көлемі 3 миллиард 926,7 миллион теңге сомасында, ал «Интергаз Орталық Азия» АҚ тарапынан 16 миллиард 543,6 миллион теңге көлемінде қарастырылуда», делінген баспасөз хабарламасында.

Қазіргі уақытта «ҚазТрансГаз» АҚ өзінің «ҚазТрансГаз» - Аймақ» және «ҚазТрансГаз» - Алматы» еншілес компаниялары арқылы ОҚО, БҚО, Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе, Алматы, Қостанай облыстарының және Алматы қаласының газ тұтынушыларына көгілдір отын жеткізіп отыр.

Аталған компания топтарының ішкі нарықтағы өткен жылғы жиынтық газ жеткізілімі 7,8 миллиард куб метрді құрайды, бұл 2000 жылғы көрсеткіштен 7 еседен астам артық.