«ҚазТрансГаз» АҚ Грузиядағы еншілес кәспорыны «ҚазТрансГаз-Тбилиси» ЖШС келешегіне қатысты келіссөздерді жүргізіп жатыр

АСТАНА. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - «ҚазТрансГаз» АҚ Грузиядағы еншілес кәспорыны «ҚазТрансГаз-Тбилиси» ЖШС келешегіне қатысты келіссөздерді жалғастырып жатыр.

«ҚазТрансГаз» АҚ Грузиядағы еншілес кәспорыны «ҚазТрансГаз-Тбилиси» ЖШС келешегіне қатысты келіссөздерді жүргізіп жатыр

Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында «ҚазТрансГаз» АҚ Бас директоры Серік Сұлтанғалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, 2006 жылы Грузияның аумағында «ҚазТрансГаз» АҚ 100 пайыздық қатасуымен «ҚазТрансГаз-Тбилиси» ЖШС құрылған болатын.

С. Сұлтанғалиевтің айтуынша, қазіргі уақытта «ҚазТрансГаз-Тбилиси» ЖШС келешегіне қатысты жағдай келіссөздер сатысында тұр. Қазақстан тарапы бұл еншілес кәсіпорынға қатысты мойнына алған міндеттемелерді толығымен орындаған. Алайда, грузиндер тарапынан обьективті және субьективті себептерге байланысты қол жеткізілген уағдаластықтар орындалмай отыр. Келісім бойынша Әзірбайжаннан Грузияға арзан газ жеткізілуі тиіс, оны Грузия тарапы қамтамасыз етуге уәде берген. Сонымен қатар, келісімде тарифтерді қазіргі таңда Қазақстанда қолданылып жүрген «қалыпты минималды деңгейге көтеру» жағы да қарастырылған. «Бұл мәселелер бойынша уақытша кідірушілік тунындап отыр. Қазіргі басты проблема осы. Алайда, ол келешекте шешілетін болады. Қазір қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау үшін грузин тарапымен келіссөздер жүріп жатыр. Біз Тбилиси қаласының газ тасымалдау жүйесін қалыптандыру жөнінде мойнымызға міндеттеме алған болатынбыз, біз өзімізге қатысты келісімдердің барлығын орындадық. Қысқа уақыттың ішінде, 9 айда барлық газ құбырларын жөнге келтірдік, газдың жиналымдылығын 30 пайыздан 90 пайызға дейін жеткіздік және «ҚазТрансГаз-Тбилиси» ЖШС тартымды компания жасадық», деді С. Сұлтанғалиев.

Естеріңізге сала кетейік, 2006 жылы «ҚазМұнайГаз» ҰҚ еншілес кәсіпорыны «ҚазТрансГаз» АҚ Грузияның газбен қамтамасыз ету жүйесіндегі «ТбилГаз» кәсіпорынының активтерін иеленген болатын. Грузия нарығына енгеннен бері «ҚазТрансГаз» АҚ «ҚазТрансГаз-Тбилиси» компаниясына 100 миллион АҚШ долларынан астам инвестиция салды. Атап айтқанда, бұл қаржы Тбилиси қаласындағы газ таратқыш жүйесін жөндеу мен жаңартуға, газ есептегіш құралдарын сатып алу мен орнату жұмыстарына жұмсалды. Нәтижесінде компания табиғи газды жоғалту үлесін 60 пайыздан 20 пайызға дейін төмендетті. Қазіргі уақытқа дейін «ҚазТрансГаз-Тбилиси» компаниясы аталған өңірдегі экономикалық ауыр жағдай мен төлемдердің уақтылы жасалмауына қарамастан, тұтынушыларға газды тасымалдап отыр.

Ал, 2009 жылы көктемде «ҚазМұнайГаз» ҰК Президенті Қайыргелді Қабылдин Қазақстан Грузиядағы «ҚазТрансГаз-Тбилиси» еншілес компаниясын сатуға дайын екенін мәлімдеген болатын. «Біз күзде «ТбилГазды» сатуға дайын екенімізді айтқан болатынбыз. Сатып алынғанның барлығы кейіннен сатылады, алайда мәселенің мәні оның бағасында. Атап айтқанда, біз оны сатуға әзірміз, егер де біздің инвестициялық салымдар, ұсынылған заемдық қаржыландыру, мұнымен бірге «ҚазТрансГаз-Тбилиси» компаниясына жасалған қаржылық көмектің барлығы өтелетін болса», - деген болатын Қ. Қабылдин.