ҚазТрансГаз Аймақ ШҚО филиалына жарты млн теңге айыппұл салынды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалына жарты млн теңге айыппұл салынды.
ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ филиалына жоспардан тыс тексеру жүргізді.
Соның нәтижесінде, газбен жабдықтаушы кәсіпорын бөлімшесінен заңбұзушылықтар анықталды. Тексеру прокурорлардың талабы бойынша жүргізілген.
«ҚР ӘҚБтК-нің 164-бабы 4-бөлігімен (Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасын бұзу) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Салынған айыппұл сомасы 516 880 теңгені құрады. Компания айыппұлды төледі», - деп хабарлады департаменттен.