«ҚазТрансГаз Аймақ» жаңа жылыту маусымына 72 пайызға дайын - Федор Кнауэр

АЛМАТЫ. 24 тамыз. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның балансындағы газ тарату жүйелері мен ілеспе жабдықтардың 2011-2012 жылыту маусымына даярлық деңгейі 72 % құрайды. Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, дайындық жұмыстары кесте бойынша жүргізілуде.

«ҚазТрансГаз Аймақ»  жаңа жылыту маусымына 72 пайызға дайын - Федор Кнауэр

"Қыс маусымындағы жұмыстарға дайындық белгіленген тәртіп бойынша мерзімді және сапалы жүргізілуде. Қазір бекітілген кестеден ауытқыған жоқпыз. Газ жабдықтау жүйелерін дайындауға және күзгі-қысқы маусымдағы жұмыстарға компания қызмет көрсететін өңірлердегі жетекші техникалық қызметтер жұмылдырылды. Негізгі дайындық шаралары техникалық жұмыстардың 21 түрі бойынша жүргізілуде. Барлық өңірлерде ГТП, ШТП мен барлық бекіту арматураларына ағымды жөндеу жүргізілуде, құдықтарды тазалау, жерасты газ құбырларына аспаптық диагностика, оларды қорғаудың тиімділігі бағалануда, қажет болған жағдайда жер үсті жүйелеріне де жөндеу жүргізіледі. Сондықтан, бізде жылыту маусымына дайындалып үлгермейміз деген күдік жоқ»,-дейді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өндірістік техникалық департаментінің директоры Федор Кнауэр.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы қызмет көрсететін өңірлерде 9,5 шақырым газ құбырлары жөнделіп, қысқа дайындық шеңберінде 1298 шақырым жер асты жүйелеріне аспаптық тексеру жүргізілген. "Аталған сараптама құбырлардың бүлінген бөліктері мен қорғаныс қабатының сапасын анықтауға және дер уақытында жөндеу жүргізуге мүмкіндік береді. Жұмыстар барысында жер асты жүйелерінің 2,7 шақырымдық бүлінген қорғаныс жабындары қалпына келтіріліп, 1903 шақырым жер асты газ құбырларының электр-химиялық қорғанысының тиімділігі тексерілді. Бұнымен қатар, 320 газ тарату пункттеріне (ГТП), 1221 катод станцияларына (КС) және 3966 шкафтық тарату пункттеріне (ШТП) ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді",-деді ол.

Бүгінде "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ-ы Қазақстанның газдандырылған тоғыз облысының жетеуін табиғи газбен қамтамасыз етіп келеді.