«ҚазТрансОйл» АҚ Бас директоры Димаш Досанов студент-практиканттармен өндірісте кездесті
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды мұнай құбыры басқармасының өндіріс нысандарына жасаған жұмыс сапары барысында «ҚазТрансОйл» АҚ Бас директоры Димаш Досанов, мұнай құбыры басқармасында ақысы төленетін өндірістік тәжірибеден өтіп жатқан студенттермен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті, Қ. Сатпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті, Қарағанды жоғарғы политехникалық колледжден келген техникалық саланың болашақ мамандарымен кездесуде Димаш Досанов технологиялық цех және қызмет көрсететін өндіріс базасын аралап, жастарды қызықтырған сұрақтарға жауап берді.
«Мен Сіздермен яғни болашақ кәсіби мамандармен кездескеніме өте қуаныштымын», - деп атап өтті Димаш Досанов.
«Мұнай құбыры бойынша тасымал бүгінгі күні мұнай газ саласындағы ең заманауи қондырғылармен жабдықталған, автоматтандырылған жоғары технологиялық сектор болып табылады. Сондықтан біз үшін кәсіби біліктілігі жоғары мамандар аса қажет. Қазіргі таңда компанияның 10 аймағында орналасқан барлық нысанында 200-ден астам студент өндірістік тәжірибиеден өтіп жатыр. 45 студент өндірістік тәжірибиесін аяқтап, шәкіртақыларын алды. Өндірістік тәжірибие бойынша үздік нәтиже көрсеткен студенттер, компаниядағы бос орындарға жұмысқа тұруға мүмкіндік алады. Осы орайда, біз бос орындар резервін дайындайтын боламыз»,-деді Бас директор.

Оның айтуынша, мұнай тасымалы саласына инженерлік-техникалық мамандарды даярлау жобасын «ҚазТрансОйл» АҚ Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып ұйымдастырып, осы жылдың сәуір айында-ақ іске асыра бастады. Жоба 5 жылға есептеліп, ол бойынша жылына 400 ден астам студентті қамту көзделді. Студенттерге арналған шәкіртақы жоғарғы оқу орындары студенттері үшін 100 000 – 120 000 теңге аралығы, колледж студенттері үшін 70 000 - 80 000 теңге арылығы, шәкіртақы көлемі студенттің қай аймақта өндірістік тәжірибиесін өтіп жатқанына байланысты болады.


«Мен Қарағандыдағы жоғары политехникалық колледжде 3-курста оқимын. Болашақ мамандығым – автомеханик. Міне, екі аптадан бері ҚазТрансОйлдың арнайы техника бойынша цехында өндірістік тәжірибиеден өтіп жатырмын. Көп нәрсені түйіп алдым, кітаптағы оқығанымның өндірісте қалай іске асатынын өз көзіммен көрдім. Маған әсіресе, мұнда техникалық қауіпсіздікті ұстану қатаң сақталатыны көңілімнен шықты. Менің отбасым көпбалалы. Үйдегі балалардың ішіндегі үлкені өзім. Тәжірибие барысында өзімді жақсы қыранан танытып, өзімнен кейінгі іні-қарындастарыма үлгі болсам деймін», - дейді студент практикант Нұрлан Әбетов.
