«ҚазТрансОйл» басшысы мұнай тасымалы тарифінің көтерілу себебін түсіндірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «ҚазТрансОйл» АҚ-ның басқарма төрағасы Қайыргелді Қабылдин мұнай тасымалы тарифінің көтерілу себебін түсіндірді.

«ҚазТрансОйл» басшысы мұнай тасымалы тарифінің көтерілу себебін түсіндірді

«2012 жылы біз ішкі нарық және экспорт тарифтерін көтердік. Мұның екі себебі бар. Біріншісі, бүгінде ішкі нарық тарифі экспорттық тариф есебінен субсидияланады. Бұған дейін атап өткенімдей, бүгінде экспорт тарифі 1 шақырымға 1 тоннасына 5817 теңгені, ал ішкі нарықта шамамен 2900 теңгені құрайды. 2002-2012 жылдар ішінде ішкі нарық тарифі өзгерген жоқ және ол біздердің ІРО-ға шығар сәтімізде өз құнынан төмен болды», - деді ол.

Компания басшысының атап өтуінше, сол себепті тасымал бағасы экономикалық жоспарлау заңына сәйкес көтеріліп, өзіндік құнымен теңестірілген. Қазіргі таңда экспорт тарифі тасымалданатын мұнай құнының 4,5-5 пайызын құрап отыр. Жалпы, мұнай экономикасы заңына сәйкес, тасымал шығыстары мұнай бағасынан 8 пайыздан аспауы тиіс.

«Осылайша, біздің тариф бәсекеге қабілетті. Ішкі нарықтағы тариф мұнай өнімдері бағасының 1,7 пайызын құрайды», - деді Қ.Қабылдин.