«ҚазТрансОйл» компаниясы дивидендтер төлеуге шамамен 42 млрд. теңге жіберуді жоспарлауда
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазТрансОйл» АҚ дивидендтер төлеуге 41 млрд. 925 млн. теңге жіберуді жоспарлауда. Бұл туралы бүгiн Компания акционерлерiнiң жылдық жалпы жиналысында қабылданған басты шешiмдерге қатысты өткен баспасөз мәслихатында «ҚазТрансОйл» Бас директоры Қайыргелдi Қабылдин мәлiм еттi.
Оның сөзiне қарағанда, былтыр компания жалпы 63,5 млрд. теңге таза табыс тарқан.
«2013 жылдың қорытындысы бойынша «ҚазТрансОйл» АҚ бiр қарапайым акциясына шаққандағы дивиденд мөлшерi 109 теңгенi құрады. 2013 жылға дивидендтердiң жалпы сомасы 41 миллиард 925 миллионға жуық теңге немесе 2013 жылда тапқан таза пайданың 66 пайызына шақ келедi», - дедi ол.
Айта кетейiк, екi жыл бұрын компания акциялары Халықтық IPO-ға шығарылған болатын.
«ҚазТрансОйл» АҚ қарапайым акциялары Қазақстандық Қор Биржасында листингтен өтті. Халықтық IPO нәтижесінде 2012 жылдың қараша-желтоқсанында «ҚазТрансОйл» АҚ акционерлері Қазақстан Республикамыздың 33 989 азаматы және 10 жинақтаушы зейнетақы қорлары болды.
2012 жылдың нәтижелері бойынша «ҚазТрансОйл» АҚ бір акцияға шаққанда дивиденд көлемі 75 теңге және/немесе орналастыру бағасына 10,3 пайыз құрады. 2012 жылда дивидендтердің жалпы сомасы 28 847 669 925 теңге немесе 2012 жылда алған таза кірістің 86 пайызын құрады.
«ҚазТрансОйл» АҚ - Қазақстан Республикасының магистральді мұнай құбырының ұлттық операторы.
«ҚазТрансОйл» АҚ жалпы ұзақтығы 7,6 мың км асатын магистральді мұнай құбырлар мен су таратқыштар әртараптандырылған торабын иеленетін Қазақстан Республикасының аса ірі мұнай тасымалдау компаниясы болып табылады. «ҚазТрансОйл» АҚ еліміздегі өндірілетін мұнайдың жалпы көлемінің 59 пайызын экспорт пен ішкі нарыққа тасымалдап отыр.