«ҚазТрансОйл» табысы 2014 жылы 12%-ға өсуі ықтимал

АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат - «ҚазТрансОйл» АҚ (ҚТО) 2014 жылғы таза табысы мұнай айдауға арналған тариф деңгейінің артуына байланысты 12%-ға ұлғаюы мүмкін. Мұндай болжамды BCC Invest Сараптама басқармасының басшысы Әділ Табылдиев айтты, деп хабарлайды halyk-ipo.kz порталы.

«ҚазТрансОйл» табысы 2014 жылы 12%-ға өсуі ықтимал

Оның пайымынша, 2013 жылғы дивидендттерді төлеу коэффициенті минималды шектен айтарлықтай, яғни 40%-ға асып түсуі мүмкін. «Біздің болжамымызша, бір акцияға арналған табыс 185 теңге болмақ. Олай болса, 2013 жылғы акцияларға арналған дивиденд мөлшері әр бағалы қағаз үшін 75 пен 185 теңге аралығында болуы мүмкін», - дейді Ә.Табылдиев.

Оның айтуынша, 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚТО-ның мұнай айдауға арналған тарифі көтерілетіні жайлы жаңалықты нарық әлі бағаламаған. Еске салайық, ҚТО келесі жылы мұнай айдауға арналған тарифті ұлғайтады. Оның ішінде экспорттікі - 1000 тонна-км-ге 4 850,6 теңге (ҚҚС-сыз), ішкі нарықтікі - 1000 тонн-км-ге/2 931,8 теңге (ҚҚС-сыз) болады.

Жаңа тарифтерді қарашаның соңында Табиғи монополияларды реттеу агенттігі бекітті. Оның алдындағы тариф 2012 жылдың 1 желтоқсанында көтерілген болатын.