«Қазцинк» кәсіпорнындағы жарылыстан соң Өскемен мектептері онлайнға көше ме
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында «Қазцинк» ЖШС-да болған жарылыстан соң ауа сапасына тексеру жүргізілді.
Бүгін таңертең Өскемендегі ірі өндіріс ошақтарының бірі — «Казцинк» кәсіпорнында жарылыс болды. Әлеуметтік желіде кәсіпорын аумағы маңында қою, бұлт тәріздес түтінтің фото, видеосы тараған соң тұрғындар арасында оқушыларды онлайн форматқа ауыстыру жайлы бастама көтеріп жатқандар болды.
Соған байланысты ШҚО Білім басқармасынан жауап берді.
— Ауа сапасына жүргізілген тексеру барысында белгіленген шекті рұқсат етілген концентрация нормаларының асуы тіркелген жоқ. Сондықтан мектеп оқушылары үшін сабақтар штаттық режимде өткізіледі, — деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметінен.
Еске салсақ, осыған дейін «Казцинк» кәсіпорнындағы жарылыстың себебі анықталып жатқаны хабарланған.
Қайғылы оқиға салдарынан екі адам көз жұмып, бес адам жарақат алғаны белгілі болды.