«Казцинктегі» апаттан денесінің 90%-ын күйік шалған адамды емдеу үшін Астанадан дәрігерлер келеді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласындағы «Казцинк» ЖШС-да болған жарылыстан зардап шеккен науқасқа көмек көрсету үшін Астанадан Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының мамандары арнайы келеді.
Дәрігерлердің мәліметінше, зардап шеккен ер адамның денесінің 90 пайызын кең ауқымды термиялық күйік шалып, тыныс алу жолдары мен көзі зақымданған.
«Казцинк» компаниясының мәліметінше, емдеу шараларын күшейту мақсатында республикалық деңгейдегі мамандарды тарту туралы шешім қабылданған.
- Жуық арада Өскеменге арнайы бортпен Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының дәрігерлері келеді. Бұған дейін телемедициналық кеңес өткізіліп, соның барысында науқасты ары қарай емдеу тактикасы келісілді, - делінген ақпаратта.
Қазіргі уақытта ер адам дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Оған қарқынды терапия жүргізіліп жатыр.
Еске салсақ, осыған дейін «Қазцинк» кәсіпорнындағы жарылыстан екі адам қаза болып, бесеуі зардап шеккені хабарланған.