ҚазҰМУ базасында 783 алғашқы медициналық санитарлық көмек мекемелерінің қызметкерлері оқытудан өтетін болады - О.Мырзабеков
АЛМАТЫ. 8 сәуір. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Өткен жылы университет қызметкерлері үш тілде қатар білім беру бағдарламасын қолға алды.
Студенттерге бірінші курстан бастап қазақ, орыс және шетел тілдерінде білім беру, кейін жұмыс барысында осы тілдер қажет болатындығын сезіндіре түсу қажет. Бұл жайында С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің оқытушысы, медицина ғылымдарының докторы Мира Әбирова Алматыда «Қазақстан Республикасында қоғамдық денсаулық сақтау ісін дамытудың мәселелері және келешегі. Денсаулық сақтау менеджерлерін даярлаудағы құзырлы қадамдар» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында айтты.
Оның айтуынша, аталған университет білім сапасын арттыру мақсатында халықаралық конгрестермен ынтымақтастық құрып, тәжірибе алмасып жатыр. "Былтыр наурыз айында ҚР Білім және ғылым министрінің нұсқауымен Болондық үрдіске қосылу жөніндегі қаулыға қол қойылды", - дейді ол.
Сонымен қатар ол еліміздің нарықтық экономика кезеңіне өтуі мен әлемдік қауымдастықпен тығыз қарым-қатынас орнатуы денсаулық сақтау ұйымдарын басқаруға экономикалық және әлеуметтік-психологиялық әдістер мен менеджмент және маркетинг ұстанымдарын енгізудің қажеттілігін көрсетіп отырғандығын айтады.
"Денсаулық сақтау саласындағы реформалардың табысты жүзеге асуы өз кезегінде орталықтандырылған басқару жағдайына тән ұйымдастырушының рөлін менеджер, басқарушыға алмастыруды талап етіп отыр. Бұл бағытта басқарушы мамандарды даярлау, қайта даярлау, кәсіби біліктілігін көтеру басты маңызға ие", - деп атап өтті өз сөзінде М. Әбирова.
Аталған университеттің ғылыми-клиникалық жұмысы бойынша проректоры Ораз Мырзабеков қазіргі кезеңде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі халықаралық мамандармен бірлесе отырып денсаулық сақтау саласы жетекшілерін даярлау жөніндегі жағдайға сараптау жүргізіп, денсаулық сақтау саласы менеджерлері институтын дамыту бойынша жоспарлар әзірлеп жатқандығын айтады. "Медициналық ұйымдарды шаруашылық жүргізу құқығындағы мекемелерге кезең-кезеңімен ауыстыру жоспарлануда. Бұл үшін медициналық ұйымдардың жетекшілерін оқыту басталды және 1618 маманды оқыту межеленуде. ҚазҰМУ базасында 783 алғашқы медициналық санитарлық көмек мекемелерінің және аудандық, қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі ауруханалық ұйымдардың басшылық құрамы оқытудан өтетін болады", - дейді О.Мырзабеков.
Жиын ауқымында қоғамдық денсаулық сақтау саласының мамандарын және денсаулық сақтау менеджерлерін даярлаудағы қордаланған проблемаларды, олардың рөлі мен орнын, білім беру құзыреті мен келешегі талқыланды.
Шараға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, «Астана-медициналық университеті» АҚ, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Семей мемлекеттік медицина университеті, Қарағанды мемлекеттік медицина университеті, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтикалық академиясы, Жоғарғы қоғамдық денсаулық сақтау мектебі, Республикалық медицина колледжі қызметкерлері де қатысты.