ҚазҰПУ Халықаралық агенттіктердің рейтингіндегі өз көрсеткіш жақсартуда оң нәтижелерге қол жеткізе бастады - университет ректоры

АЛМАТЫ. 28 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстанның жоғары оқу орындарының алдында тұрған ең үлкен мақсат - әлемдегі ең озық 500 университеттің қатарына ену болып отыр.

ҚазҰПУ Халықаралық агенттіктердің рейтингіндегі өз көрсеткіш жақсартуда оң нәтижелерге  қол жеткізе бастады -  университет ректоры

Қазақтың Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Серік Пірәлиев бұл туралы бүгін Астанадағы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жолдаған дәстүрлі Жолдауында Елбасы айрықша атап көрсеткенін айтты.

"Біз 1,5 жылдан бері информатика және физика мамандықтарынан Германияның ASIIN агенттігінен аккредитациядан өтіп жатырмыз. Алғашқы кезеңнен өттік. Енді ақпан аяғында екінші кезеңі болады. Одан сәтті өтсек, олар бұл 2 мамандыққа халықаралық сертификат береді. Қазіргі таңда сондай-ақ, тағы 2 мамандықты акрредитацияға дайындап жатырмыз. Сондай-ақ топ құрып математика, физика пәндерінде барлық дәрістер ағылшын тілінде беріледі", - дейді педагогика ғылымының докторы, профессор Серік Жайлауұлы.

Оның айтуынша, Штаб-пәтері Испанияда орналасқан "Вебометрикс" халықаралық рейтинг агенттігі дүниежүзінің 20 мың жоғары оқу орнын зерттеп, 2010 жылдың маусым айында оның қорытындысын жариялады. Онда ҚазҰПУ Қазақстандағы ұлттық жоғары оқу орындары арасында бірінші орын алған. Қазіргі таңда мұнда білім сапасы жағына ерекше көңіл бөлінуде.