ҚазҰТУ-да мемлекеттік білім бағдарламасына арналған отырыс өтті - Алматы

АЛМАТЫ. Қазанның 29-ы. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматыда Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде «2011-2020 жылдарға арналған ҚР Білімді жетілдіру бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері» атты дөңгелек үстел болып өтті.

ҚазҰТУ-да мемлекеттік білім бағдарламасына арналған отырыс өтті - Алматы

Университет ректоры Жексенбек Әділовтің басшылығымен өткен отырысқа оқу орнының проректорлары мен ғалым- профессорлары қатысты. Жиын барысында университеттің білім беру жүйесі мен білім сапасын арттыру жолдары қаралды. Сондай-ақ, индустриялды және инновациялық даму бағдарламасына сай мамандар даярлау мәселелері талқыланды.

ҚазҰТУ ректоры Ж. Әділов өзі басқарып отырған оқу орнының басты мақсаты білім сапасын көтеру екендігін атап өтті. «Жаңадан қабылданған мемлекеттік білім бағдарламасы бойынша, 2020-шы жылға қарай елімізде барлық халықаралық талаптарға жауап беретін бірнеше ЖОО болуы керек. Сонымен бірге, мамандарымыз да халықаралық аккредитациядан өтуі керек. Қазірге дейін біздің 11 маманымыз бұл сынақтан өтіп қойды. Бұл дегеніміз олардың дипломдары Еуропаның дамыған 16 мемлекетінде жарамды болады деген сөз», деді ол.

Сонымен қатар, ректор Лондонның «Рейтер» агенттігінің сараптамасы бойынша, ҚазҰТУ әлемдік деңгейде 17 мың ЖОО-ның ішінде 600 бен 700-ші орындардың аралығында орналасқанын мәлімдеді.

«Біз алдағы уақытта бағдарламаға сай жұмыстар атқара отырып, осы деңгейден 200-300-ші орындарға дейін көтерілуге талпыныс жасаймыз. Бүгінде елімізде Президент тапсырмасымен 20 ғылыми зертхана ашылса, оның 2-уі біздің университеттің еншісінде. Оның бірі IT технологияларына арналған болса, екіншісі тау-кен және мұнай-газ салаларындағы зерттеулерге арналған», - дейді Ж. Әділов. Оның айтуынша, алдағы уақытта студенттер үшін жатақханалардың әрбір бөлмесін компьютер және ғаламтормен жабдықтау жоспарланып отыр.