ҚазҰУ-да «Ең дарынды болашақ журналист» тақырыбында пәндік олимпиада өтіп жатыр

АЛМАТЫ. 8 сәуір. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультеті Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары арасында «журналистика» мамандығы бойынша «Ең дарынды болашақ журналист» тақырыбында пәндік олимпиада өткізіп жатыр.

ҚазҰУ-да «Ең дарынды болашақ журналист» тақырыбында  пәндік олимпиада өтіп жатыр

Аталған байқауға ҚазҰУ-дің, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің, А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік универитетінің, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің, С. Демирел атындағы университеттің, Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдер университетінің, Орта Азия мәдениет қоры тарапынан құрылған Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің командалары қатысуда.

Олимпиада бағдарламасына жоғары оқу орындарының осы аталған мамандықтарға арналған базалық пәндері бойынша тест сұрақтары енгізілген. Олимпиаданы өткізу және бағалау ережелері республикалық пәндік олимпиадаларды өткізу ережесіне сәйкес ұсынылуда. Олимпиада байқауларының қорытындысы бойынша әділқазылар алқасы 1, 2, 3 орынға ие болатын үздік студенттерді анықтамақ. Әділқазылар алқасының құрамына түрлі БАҚ саласының мамандары енгізілді.

«Ең дарынды болашақ журналист» байқауының II кезеңінде «Студенттің бір күні» тақырыбында жасалған бейнероликтің үздік жеңімпаздары айқындалатын болады. Сонымен қатар «Өнерліге өріс кең» аталымы бойынша студенттер командасына ән айту, би билеу, өлең оқу сынды өнерлерін ортаға салу мүмкіндік берілмек. Командалар білімін, тапқырлығын, ұшқырлығын білу үшін қосымша танымдық сұрақтар қойылатын болады.