ҚазҰУ-да жалпы көлемі 100 мың шаршы метрді құрайтын 3 факультет ғимараты салынады - Елбасы
АЛМАТЫ. Қазанның 13-і. ҚазАқпарат / Ерлік Ержанұлы/ - Алматыдағы Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінде алдағы 2 жылдың ішінде оқу орнының бүкіл ғұмырында салынған ғимараттардың көлеміндей жаңа нысандар салынады.
Бұл жайлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін аталмыш оқу орнының студенттері мен оқытушы-профессорлар қауымына оқыған дәрісі кезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осыдан 75 жыл бұрын бұл оқу орнына 50 адам қабылданған еді. Ширек ғасырдың ішінде ол еліміздің жетекші ғылыми білім беру орталығына айналды. Бүгін мен көлемі 27 мың шаршы метр болатын химия факультетінің жаңа ғимаратын аштым. Ол қазіргі заманғы озық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Алдағы 2 жылдың ішінде енді көлемі 100 мың шаршы метр болатын механика-математика, физика, география факультетерінің жаңа ғимараттары салынбақ. Бұл оқу орнында осы уақытқа дейін салынған барлық нысандардың жалпы көлемімен бірдей», деді Мемлекет басшысы.
Жалпы қазіргі таңда бұл университеттің 14 факультетіндегі 102 кафедрада 180-нен астам мамандық бойынша мамандар дайындалуда. Ондағы тәлімгерлердің саны 20 мыңнан, ал оқытушы-профессорлардың саны 2 мыңнан асады.