ҚазҰУ-да жұмыс берушілер кеңесінің алғашқы отырысы өтті
АЛМАТЫ. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде университеттің жұмыс берушілер кеңесінің бірінші отырысы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған кеңес биылғы жылы, Елбасының әлемдік деңгейде инттелектуалдық даму жасау туралы тапсырмасының орындалуына үлес қосу мақсатында құрылып, төрағалығына «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК президенті Владимир Школьник тағайындалған болатын. Кеңес қызметі жұмыс беруші компаниялармен әріптестік орнату, бірлескен ғылыми-тәжірибелік жұмыстарды, түрлі халықаралық жобаларды жүзеге асыру, шараларды өткізу бағытында жүзеге асады. Кеңес құрамына «Самұрұқ-Қазына» ҰӘҚ, Қазақстанның ұлттық банкі, Ұлттық ғарыш агенттігі, «Парасат» ғылыми-технологиялық холдингі, «GSM Қазақстан» ЖШС, «Қазмұнайгаз» АҚ, «Евразиялық банк» АҚ, «Ел Арна»ТРК кірген.
Отырыс барысында кеңес жұмысын дамыту, университет студенттерін жұмыспен қамту, тәжірибеден өткізу мәселелері талқыланды. Отырыс соңында университет ректоры Бақытжан Жұмағұлов «Қазатомөнеркәсіп», «Қарашығанақ», «Петролеум Оперейтинг Б.В.» компанияларының өкілдеріне кеңес жұмысын қолдағаны үшін алғыс білдірді.