ҚазҰУ-де «Алматы апортын бірге жаңғыртайық!» атты экологиялық акция өтті
АЛМАТЫ. 23 мамыр. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Демалыс күні Алматыдағы Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының жанында «Алматы апортын бірге жаңғыртайық!» атты ағаш отырғызу акциясы болып өтті.
Аталмыш экологиялық шара Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің, сонымен қатар Қазақстанның Британдық түлектер клубының, "PosadiDerevo.kz" қоғамдық бірлестігінің бастамасымен өткізілді.
Шараның мақсаты - қоғамның назарын Алматы апортын жаңғырту мәселесіне аударту, тұрақты генофондын құруға атсалысуға шақыру, сонымен қатар қала тұрғындарын Алматы қаласын сәулеттендіру мен көгалдандыру мәселелеріне көңіл аударту болып табылады.
Акцияға студенттер мен еріктілер, сонымен қатар Қазақстан мен Қырғызстандағы Британдық Кеңесінің директоры Лина Милошевич ханым, Зальцбург университетінің вице-ректоры Джозеф Стробл мырза, Қазақстанның эстрада жұлдыздары - «Ринго» тобы, Азамат Мадғұлов, Мәдина Сәдуақасова сынды әншілер қатысты. Акцияның соңында ұйымдастырушы оқу орнына ағаштарды бақылау сертификат-міндеті берілді, ал барлық шараға қатысушыларға сертификаттар мен сыйлықтар табысталды.
Шара барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов пен Қазақстан мен Қырғызстандағы Британдық Кеңестің директоры Лина Милошевич бақ алдында «Алматы апортын бірге жаңғыртайық!» атты естелік тақта орнатты.