ҚазҰУ-де дәстүрлі «Ақ қауырсын» фестивалі өтіп жатыр
АЛМАТЫ. Қарашаның 13-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде «Ақ қауырсын» атты дәстүрлі фестиваль өтіп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш оқу орнының журналистика факультеті өз студенттерінің жазғы өндірістік тәжірибелерінен ең үздік шығармаларды марапаттап отыруды дәстүрге айналдырған.
«Біздің факультетіміздің студенттері қазақстандық БАҚ-дың барлық салаларында өз біліктіліктерін жетілдіру мақсатында тәжірибеден өтіп отырады. Осыған орай жылда студенттердің тәжірибе барысындағы шығармашылығы әр аталымға бөліп, бағалап отырамыз. Оның мақсаты - жастарға шабыт беру, шығармашылық қолдау көрсету», дейді шараны ұйымдастырушы, студенттік кеңестің төрағасы Ғалым Жәнібек.
«Ақ қауырсын» студенттердің өндірістік тәжірибелерінің қорытындысы бойынша өтетін фестивальдің жеңімпаздарын БАҚ өкілдері, баспагер редакторлар және журналистер марапаттайды.