16:43, 15 Қаңтар 2009 | GMT +5
ҚазҰУ-де ЕҰУ күндері ашылды
АЛМАТЫ. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ - Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің күндері» ашылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Еуразия ұлттық университетінің күндері ҚазҰУ-нің 75 жылдық мерейтойына орайластырылып отыр. Аталмыш шараның ашылуы салтанатында ЕҰУ ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Әбдірайымов бастап келген делегация өкілдері ҚазҰУ ұжымын мерейтойлық жылдың басталуымен құттықтады. «Осыдан 12 жыл бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанада ұлттық жоғары оқу орнын құру туралы шешімі қабылданғаны белгілі. Сол кезде ҚазҰУ-нің бірқатар белгілі ұстаз-профессорлары, академиктері елордаға келіп, Еуразия университетінің негізін қалаған еді. Ал бүгінгі тұсауы кесілген шара осы екі ұлттық университет арасындағы байланысты нығайта түсері сөзсіз», дейді Б. Әбдірайымов.Айта кетелік, Астанадан келген делегация «Л.Н Гумилев атындағы ЕҰУ-дегі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның күндері» атты кинофильмді тарту етті. Еуразия ұлттық университетінің ректоры Б. Әбдірайымов ЕҰУ медальдарын ҚазҰУ ғалымдарына табыстады. Сонымен қатар, ҚазҰУ профессорларына Л.Н Гумилев атындағы, К. Ақышев атындағы және И. Ақбергенов атындағы стипендиялар берілетін болды. Аталмыш шара аясында ЕҰУ профессорларының қатысуымен ғылыми семинарлар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Ал бүгін кешкі сағат 19. 00-де екі университет студенттерінің шығармашылық ұжымдары дайындаған концерт болады.