ҚазҰУ-де «Қазақтану» мектебі ашылды
АЛМАТЫ. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Қазақтану» мектебінің ашылуына арналған «Ұлттық рух - ерлік пен елдік сауыты» атты дөңгелек үстел өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚазҰУ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дөңгелек үстел мәжілісі «Қазақы болмыс, қазақы сенім», «Президент Жолдауындағы ұлттық мүдде», «Қазақ ділі, діні, үміті», «Ұлттық рух және ұрпақ талғамы» және «Жастардың тіл және ойлану мәдениеті» сияқты бірқатар бағытта өтті.
«Қазақтану» мектебі - ұлттық мәдениет жанашырларының, жас ғалымдар мен мамандардың басын қосып, елдің еңсесін және оның инттелектуалды сипатын көтеретін өзекті мәселелерді талқылайтын ашық ғылыми ұйым.
Мектептің мақсаты - қазақты тану, қазақты құрметтеу, қазақ болу, қазақты таныту идеясын насихаттау, зерттеу және осы дәстүрге қатысты жобаларға қатысу.
Сондай-ақ мектеп жастармен жұмыс істейді, ұсынысын жастарға арнайды, осы тұрғыда тәрбиелік мәселелерді саралайды.
Аталмыш мектептің жетекшісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Жақан Молдабеков.
Жиынға жас ғалымдар, докторанттар, аспиранттар, ізденушілер, магистрант және бакалавр студенттері қатысты.