ҚазҰУ-де Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған мерекелік шара өтті
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Саябаққа тігілген әскери шатырлар мен майдан аспаздарының тағамдары, сахналанған қойылым негізінде безендірілген Студенттер сарайының алды соғыс жылдарын көз алдыңа елестетеді.
Шара барысында студенттер соғыс жылдарынан сыр шертетін қойылымдар және оркестрдің қолдауымен сол уақыттағы әскери әндерді орындап, ардагерлерге жақсы көңіл-күй сыйлады.
Шараға Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагерлері, интернационалист жауынгерлер қатысты. Атап айтқанда шараға Уахит Шалекенов, Ғаббас Жұматов, Гаин Беляков және тағы басқа ардагерлер келді.
Соғыс жылдарында ҚазҰУ өз жұмысын жалғастыра отырып, майданға керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп отырған. Химия факультетінің студенттерін әуе шабуылынан қорғаныс нұсқаушыларына дайындаса, жоғары курстың қыздары медбике, физика-математика факультетінің студенттері радист-оператор мамандығына оқыған.