ҚазҰУ-дің химия факультеті жылдың үздігі атанды

АЛМАТЫ. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Биылғы оқу жылының нәтижесі бойынша «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің үздік факультеті» байқауында химия факультеті жеңімпаз атанды.
None
None

Бұл жөнінде аталмыш университет Ғылыми кеңесінде өткен отырыста мәлім болды.

ҚазҰУ-дің аталмыш байқауды ұйымдастырудағы басты мақсаты - Елбасының талабы бойынша отандық білім беру саласында білікті де бәсекеге қабілетті мамандарды дайындау және қазақстандық жоғары оқу ордаларының әлем рейтингіне кіруін қадағалау.

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің үздік факультеті» байқауын екінші жыл қатарынан ұйымдастырып отырмыз. Осы дәстүрлі шараның арқасында ҚазҰУ-де бәсекелестік орнады. Бұл факультеттер жұмысын сапаландыра түседі, әрі кәсіби шеберліктерін шыңдайды, дейді университет ректоры Бақытжан Жұмағұлов.

«ҚазҰУ-дың үздік факультеті-2010» байқауында профессор Мұхамбетқали Бүркітбаев басқаратын химия факультеті үздік атанып отыр. Жеңімпаздар университет ректорының Құрмет грамотасы және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал екінші орынға биология факультеті, үшінші орынға шығыстану факультеті лайық деп танылды.

Университет ғылыми кеңесінің айтуынша, химия факультеті әр салада да жоғары көрсеткіш көрсеткен. Мәселен, нанотехнология саласы бойынша ұсынылған 14 байқау жұмысының 7-уін ҚазҰУ-дің химия факультеті жеңіп алған. Факультетте оқу жұмысы, әдістемелік, ғылыми және тәрбие жұмыстары бойынша белсенділік өте жоғары деңгейде, сонымен қатар халықаралық әріптестік нығайып өзіндік беделдің қалыптасуы байқалған.

Комиссия мүшелерінің айтуынша, байқау нәтижесін қортындылау кезінде факультеттердің оқу ғимараттары мен студенттік жатақханаларының да жағдайы ескерілген. Сонымен бірге, еңбек жұмыстарын орындау мен жауапкершілік деңгейі де назардан тыс қалмаған.

Соңғы жаңалықтар