ҚазҰУ-дің Журналистика факультеті жабылмайды
АЛМАТЫ. 19 ақпан. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Кеше Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығы ғаламтор арқылы тараған «Журналистика факультеті жабылады» деген қауесетке нүкте қойды.
Басшылықтың мәлімдеуінше, факультет жабылады деген бос сөз. Әйткенмен, университетті Зерттеу оқу орнына айналдыру мақсатында жүргізілетін реформаға сәйкес, бірқатар өзгерістер енуі мүмкін.
Істің мән-жайын университеттің бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев тарқатып айтып берді. «Елбасының Жолдауында көрсетілгендей, екі үздік университеттің бірі - ҚазҰУ-ды Зерттеу университетіне айналдыруға сәйкес факультеттер мен кафедраларда жобалар талқыланып жатыр. Мұнда қандай да бір факультетті, соның ішінде, журналистика факультетін жабу туралы мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ», - деді М. Бүркітбаев.
Сонымен бірге, бірінші проректордың айтуынша, оқу орнын Зерттеу университетіне айналдыруға байланысты, бірқатар өзгерістер енуі мүмкін.