ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне жаңа декан тағайындалды

АЛМАТЫ. 22 ақпан. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне белгілі заңгер, ғалым Есберген Алауханов декан болып тағайындалды.

ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне жаңа декан тағайындалды

Көрнекті ғалым бұған дейін заң факультетінің «Сот билігі және қылмыстық іс-жүргізу» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарып келген еді. Еңбек жолын 1976 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, «Красная звезда» ауылында трактор бригадасының есепшісі болып бастаған. 1981 - жылдан Сарыағаш аудандық халық сотында сот мәжілісінің хатшысы болып құқық қорғау органдарында жұмысын бастаған. В.И. Ленин атындағы Ташкент Мемлекеттік университетінің заң факультетін, Саратов жоғары милиция мектебін, Қазақ-Түрік халықаралық университетінің экономика факультетін бітірген.

Қазақстан жазушылар және журналистер одақтарының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағының Бақытжан Қаратаев атындағы сыйлығының лауреаты (1995), ҚР-ның «Мәдениет қайраткері», заң ғылымдарының докторы, профессор (2004). Санкт-Петербург Криминологтар клубының мүшесі, Қазақстан Криминологтар қауымдастығының құрметті профессоры.

Көлемі 300 баспа табақтан асатын 250-ден аса ғылыми жұмысы, оның ішінде 20-дан аса монография, оқулығы жарияланған.Республикалық баспасөздерде «Ажалдың түсі», «Қасиетті мекендегі қала» т.б. көркем шығармалары жарық көрді. Аударма саласында да жемісті еңбек етіп жүр.

Бұған дейін ҚазҰУ-дың журналистика факультеті жабылады деген қауесет тараған еді. Алайда ақпанның 19 күні университет басшылығы баспасөз мәслихатын өткізіп, бұның бекер екендігін хабарлаған болатын. Университет басшылығының айтуынша, университетті Зерттеу -оқу орнына айналдыру мақсатында жүргізілетін реформаға сәйкес, бірқатар өзгерістер енуі мүмкін. «Елбасының Жолдауында көрсетілгендей, екі үздік университеттің бірі - ҚазҰУ-ды Зерттеу университетіне айналдыруға сәйкес факультеттер мен кафедраларда жобалар талқыланып жатыр. Мұнда қандай да бір факультетті, соның ішінде, журналистика факультетін жабу туралы мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ», - деген еді унивсерситеттің проректоры М. Бүркітбаев.