ҚазҰУ-ға WI-FI желісіз интернет жүйесі енгізіледі
АЛМАТЫ. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ – Биылдан бастап Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың барлық аумағында WI-FI желісіз интернет жүйесін пайдалануға мүмкіндік туады.
Бұл туралы бүгін Қазақ ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Жұмағұлов Алматыдағы мектеп директорлары мен үздік ұстаздармен кездесуі барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.ҚазҰУ ректорының айтуынша, бұл бағытта «Қазақтелеком»АҚ басшылығымен келіссөздер аяқталған. «WI-FI желісіз интернет жүйесі қосылса, студенттер 100 гектарды алып жатқан ҚазҰУ-дың кез-келген аумағында отырып интернетке тегін шыға алады. Бұнымен қатар, күзден бастап тәулік бойы істейтін 300 орындық интернет- кафені іске қоспақпыз», дейді Б.Жұмағұлов.
Оның айтуынша, бұл жұмыстардың барлығы Елбасының тек Қазақстанда ғана емес әлемнің кез-келген елінде жұмыс істей алатын мүмкіндігі бар мамандар дайындап шығару тапсырмасына орай жасалуда.«Былтырғы жылы ғана жаңа технологияларды енгізуге 600 миллион теңге жұмсадық. 15 шақырымдық оптоталшықтардан, 1000-даған компьютер мен мықты компьютерлік шешімдерден тұратын корпоративтік Интернет жүйесін енгіздік. Бұл басқа бірде-бір оқу орнында жоқ. Бұнымен қатар ТМД елдері арасында бірінші болып 3 кезеңді білім алуды енгіздік. Осы бағдарлама бойынша былтыр алғаш рет PhD түлектерін шығардық. Әлемдік деңгейдегі білім жүйесіне көшу бағытында әлемнің 400-ден астам оқу орнымен әріптестік келісімге қол қойдық. Осы жұмыстар нәтижесінде «Рейтер» агенттігінің рейтингі бойынша әлемнің 500 университеті қатарынан 150-ші орынды иеленіп отырмыз. Бұл жұмыстар одан әрі жалғасады. Алдағы уақытта аумағы 20 мың шаршы метрлік жаңа кітапхана пайдалануға беріледі. Осындай жағдай жасау арқылы бізде ең талантты жастардың оқуын көздеп отырмыз», деді ҚазҰУ ректоры.